«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласына 12 миллиард теңге сомасына 14 қайырымдылық жобаны жүзеге асырып жатыр. Негізгі назар заманауи медициналық көмекке ең көп қажеттілік сезілетін бағыттарға аударылған.
«Қазақстан халқына» қорының білім, мәдениет және спорт саласындағы жобалар мен бағдарламаларды басқару орталығының аға жобалық менеджері Зауре Байменованың айтуынша, жобалар пулын қалыптастыру – дер кезінде шешуді қажет ететін мәселелер негізінде жүзеге асады. Сонымен қатар, тек жабдықтарды жеткізу емес, оны тиімді пайдалану үшін мамандарды оқыту да маңызды шарт болып саналады.
Қарағанды көпсалалы №3 ауруханасы қорының демеушілігімен желілік үдеткіш, компьютерлік томограф және қосымша жабдықтармен қамтамасыз етілді.
– Біз республикада онкологиялық науқастарға сәулелік терапия жүргізу үшін желілік үдеткіш алған алғашқы мекемелердің біріміз. Құрылғыға кіріктірілген компьютерлік томографтың арқасында сәулелендіру мүмкіндігінше дәл жүзеге асады, сау тіндер зақымдалмайды. Бұл емнің сапасын арттырып, науқастардың өмір сүру ұзақтығын ұзартуға мүмкіндік береді, – деді аурухана директоры Гамаль Тоқсамбаев.
Жаңа жабдықта бірінші жылы 690 науқас емделді, күн сайын 90 адамға дейін сәулелік терапия жүргізіледі. Қажеттілік жоғары болғандықтан, қор клиниканы екінші үдеткішпен және қосымша құрылғылармен жабдықтауды шешті.
Сонымен қатар, онкологиялық аурулармен күреске арналған кешенді жоспар аясында облыс тұрғындарының 95-і заманауи мақсатты препараттар алды, олардың құны миллиондаған теңгені құрайды.
Қордың жобалары балалар денсаулығына да қатысты.
Облыстық балалар клиникалық ауруханасында екі бағыт жұмыс істейді.
Біріншісі – ерте араласу орталықтарын дамыту, олар 3 жасқа дейінгі балалардың дамудағы бұзылыстарын анықтауға және түзетуге көмектеседі.
Жоба аясында 15 түрлі оңалту жабдығы алынды, жыл сайын 600 бала мен олардың отбасыларын қамту жоспарлануда.
Екінші жоба – «Оңалту орталықтары», бір жарымнан 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалтуды көздейді.
Аурухана директоры Арғын Бидайбаев қордың қолдауымен қосымша бөлімшелер ашылып, оңалту орталығы құрылғанын атап өтті.
– Оңалту барлық балаларға қажет, әсіресе дамудағы бұзылыстары бар балаларға. Енді біз оларға кешенді көмек көрсете аламыз. Күн сайын 50-ден 90 балаға дейін ем алады, – дейді директор. – Сондай-ақ қор нейрохирургия бөлімін ашуға көмектесті, онда 65 миллион теңге құны бар жабдық орнатылды. Бұл жоғары технологиялық операцияларды жүргізуге мүмкіндік береді, ал одан кейін балалар біздің орталықта оңалту процедурасынан өтеді.
Тағы бір маңызды бағыт – комбустиологиялық қызметті дамыту. Заманауи жабдықтар Қарағандағы профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы клиникаға және Теміртау көпсалалы ауруханасына жеткізілді.
Мақажанов клиникасында үш сұйықтандыратын күйікке қарсы төсек орнатылды. Оның конструкциясы «салмақсыздық» әсерін жасауға, науқастың дене температурасын сақтау және инфекция қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
– Бұл төсек ауыр күйіктерді емдеуге көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Науқас оларда салмақсыз күйде жатқандай болады: конструкция ішінде кварц құмы бар, оған белгілі температурадағы ауа беріледі. Перфорацияланған төсеніш арқылы жылы ауа ағыны денеге өтіп, науқас жылуды жоғалтпайды. Бұл зақымдалған тіндерде қан айналымын сақтап, жараларды кептіреді және инфекция қаупін айтарлықтай азайтады. Ең бастысы – науқас ауырсынуды сезінбейді, – деді профессор Берік Түлеубаев. – Осындай технологиялардың арқасында біз денесінің 85%-ын күйік шалған адамдарды құтқара алдық.
Сонымен қатар тері тіндерін трансплантациялау үшін неміс дерматомдары, микро- және нейрохирургиялық операциялар үшін микроскопты маңдайға тағылатын рефлекторлар, наркозды-тыныс аппараты және ультрадыбыстық деструктор алынды.
Бұл жабдықтар ауыр науқастарға жоғары технологиялық араласулар жасауға мүмкіндік береді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ