Қарағандыда алғаш рет TAZA QALA Eco Fest экологиялық фестивалі өтті

2025 жылғы 13-14 қыркүйек күндері Қарағанды қаласында экологияны ұлықтаған ерекше шара – TAZA QALA Eco Fest экологиялық фестивалі өтті. Шара Орталық саябақта ұйымдастырылып, екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтарына экологиялық мәдениет, қалдықтарды басқару және тұрақты өмір салты туралы пайдалы ақпараттар ұсынылды.

Фестиваль «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында және Мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылатын Эко-Хабтың қарсаңында өтті. Шараны ECO Network экологиялық ұйымы ұйымдастырып, тапсырыс беруші ретінде Қарағанды облысының Жастар ресурстық орталығы қолдады.

Эко-мәдениетке бастар жол

ECO Network ұйымының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов фестивальдің маңызын атап өтіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы мұндай шаралардың рөлін түсіндірді:

«Қарағанды қаласы бұрыннан экологиялық тәрбие мен қалдықтарды бөлек жинау ісіне көңіл бөліп келеді. Енді бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін тұрақты Эко-Хаб ашылғалы отыр. Мұндай тәжірибе алғаш рет 2024 жылы Алматыда сәтті іске асқан болатын», – деді Евгений.

Эко-аймақтар мен шығармашылық алаңдар

Фестиваль барысында келушілерге қалдықтарды басқару иерархиясы – тұтынуды азайту, қайта пайдалану, қайта өңдеу ұғымдарын тереңірек түсінуге көмектесетін арнайы аймақтар ұйымдастырылды. Сонымен қатар тұрақты сән тақырыбына арналған шеберлік сабақтар мен таныстырылымдар өтті

Эко-коиндер – ойын арқылы үйрету

Фестиваль аясында алғаш рет эко-коиндер атты балама «валюта» жүйесі енгізілді. Бұл – қайта өңделген пластиктен жасалған арнайы ойын түріндегі монеталар. Келушілер экологиялық тапсырмаларды орындау арқылы коиндер жинап, оларды экологиялық тауарларға айырбастай алды:

– пластиктен жасалған ойыншықтар мен әшекейлер,

– тұрмыстық экохимия,

– биотыңайтқыштар және т.б.

Халықтың экобілімін арттыру – басты мақсат

ECO Network жүргізген зерттеулер көрсеткендей, Қазақстандағы тұрғындардың 99%-ы елде қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар бар екенін білмейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, фестивальде қайта өңдеу кәсіпорындарының нақты жұмысы көрсетілді.

Келушілер өз қолымен пластикті велошредерлер арқылы ұсақтап, арнайы инжекторлар көмегімен телефон тұғырлары мен жаңа жылдық ойыншықтар жасап көрді.

Қайта өңделген пластиктен жасалған орындық – тұрақты мұра

Фестиваль қорытындысы бойынша саябақ аумағына қайта өңделген пластиктен жасалған орындық орнатылды. Бұл – шараның символына айналып, қоқысты қайта өңдеудің шынайы пайдасын көрсететін нысан болды. Ұйымдастырушылар бұл бастаманы жалғастырып, осындай экологиялық нысандарды көбейтуге шақырды.

ECO Network – тәжірибе мен сенімнің символы

2018 жылы Алматыда құрылған ECO Network жобасы бүгінде 10 қалада жүзеге асырылып келеді. Ұйымның бастамашысы Евгений Мұхамеджанов 2022 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ал 2024 жылы Президенттің жеке қолдауымен марапатталды. Бүгінде ұйым сарапшылары мемлекеттік және халықаралық деңгейде экологиялық бағдарламаларды әзірлеуге белсенді атсалысуда.

TAZA QALA Eco Fest – бұл жай ғана фестиваль емес, ол – болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан үлкен қадам. Қарағандылықтар табиғатты сақтаудың нақты жолдары мен құралдарын көзбен көріп, қолмен ұстап білді. Ең бастысы – әр азамат өз әрекетінің табиғатқа тигізер әсері бар екенін түсіне бастады.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *