Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру мәселесін Мемлекет басшысы алғаш 2019 жылғы Жолдауында көтеріп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынған еді. Бұл идея «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген іргелі қағида аясында көрініс тапты.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бұл саяси коммуникация, яғни кері байланыс тетіктері нақты жұмыс істейтін мемлекет.
Негізгі принципі үкімет пен қоғам арасындағы ашық әрі айқын байланыс арналарын құруды көздеп, шешімдерді әзірлеу және қабылдау процесінде азаматтардың дауысын естуге және ескеруге бағытталған.
2024 жылы Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа тұжырымдамасы «Ең алдымен адамдар» қағидасы негізінде мемлекеттік қызметті заман талабына сай жетілдіруге бағытталған.
Тұжырымдамада мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру, заманауи HR-технологияларды енгізу және процестерді цифрландыру көзделген, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сәйкес келеді.
Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың қарым-қатынас мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Сонымен қатар, мемлекет ұсынатын игіліктер мен қызметтердің бюрократиясыз, әуре-сарсаңсыз қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Осының барлығы ашықтық, әділдік қағидаттарының қоғамдық санада әрі қарай терең орнығуына жол ашады.
Біз мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін бағалауда Мемлекет басшысының «Әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет» деген пікірін ескеруіміз қажет. Себебі халық үшін ең бастысы – нәтиже.
Қоғамның сұранысына толық жауап бере алатын, халықтың мүддесін жоғары қоятын мемлекеттік аппараты қалыптастыру бағытында әртүрлі байланыс арналары жұмыс істейді. Мысалы, халықтың пікірлерімен ой алмасу үшін қолжетімді және ыңғайлы платформалар «Ашық үкімет», «Е-Otinish», «Ашық диалог», «Ашық бюджеттер» алаңдары бар.
Мұның барлығын тиімді саяси шешімдер шығару және азаматтарымыздың басқару үрдісіне тікелей қатысуына мүмкіндік береді.
«Е-Otinish» платформасы арқылы азаматтардан, мемлекеттік қызметшілерден түрлі тақырыптағы өтініштер түсіп жатады. Департамент қызметкерлерімен түскен өтініштерді зерделеу барысында, көрсетілген бұзушылықтарды тексеру мақсатында, тексеріс жүргізіліп, бұзушылықтар расталған жағдайда, тиісті ұсыным енгізіліп, құқықтары қалпына келтіріледі және жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Бұзушылықтардың ішінде сыйлықақы, материалдық көмектің уақытылы төленбеуі, заңсыз тәртіптік жауапкершілікке тарту, мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде негізсіз бас тарту және т.б. сияқты мәселелер анықталып жатады.
Осылайша МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаментімен дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында азаматтар, мемлекеттік қызметшілердің құқығы қорғалады.
Мемлекеттік органдардың басшыларына тиесілі түрлі интернет-платформалар, әлеуметтік желілердегі парақшалар, халық үнін естуге де септігін тигізуде.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілерде белсенділігі артқаны байқалады. Жергілікті атқарушы биліктің де әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге қатысты кері байланысы, орын алған проблеманың оң шешімін табуы көптеп кездеседі.
Мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерді тиімді қолдана білуі керек, қоғамдық коммуникация үшін оның орны маңызды. Көптеген мәселелердің алдын алуға болатын маңызды құралы болып табылады.
Мемлекет пен халық арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек.
Б.МАКЕЕВ,
МҚІА Қарағанды облысы
бойынша департаменті басшысының
орынбасары,
Әдеп кеңесі хатшылығының меңгерушісі