Дәрігер Сүлейменов Майдан Қалабекұлын аудан жұртшылығы жақсы біледі. Қарағанды медициналық университетін терапевт дәрігері мамандығы бойынша бітірген соң еңбек жолын өзінің туған ауылы – Өспенде бастап, кейінгі бүкіл саналы өмірін Көктіңкөлі ауылына берген.
Бас кезінде Көктіңкөлі ауылдық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Кейін заманның ағымымен аурухана жабылса да, дәрігерлік міндеттерін атқаруды тоқтатқан емес. Міндеті ауыр, маңызы зор мамандық иесі талай адамдарды емдеуде, аурудың алдын алуда ауыл еңбеккерлеріне зор еңбегін сіңірді.
Зейнеткерлікке шықса да сексен жастағы ағамыз әлі де қатардан қалмай, шақырған сырқаттарға қол ұшын беруден жалыққан емес. Облыстық «Арқа ақшамы», аудандық «Шет шұғыласы» газеттеріне ол кісінің өмірбаяны, ауылдастарына жасап жүрген еңбегі сипатталған «Ауыл дәрігері» атты көлемді мақалалар шыққан болатын.
Жуырда ел Президенті Қ-Ж.К.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт: берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Қазақстанның Құрметті дәрігері» атты республикалық байқауда жеңімпаз атанған Майдан Қалабекұлы «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми-инновациялық орталығының дайындаған арнайы дипломы және төсбелгісімен наградталды. Марапатты аталған орталықтың арнайы өкілі Досанов А.А. ауыл әкімінің кеңсесінде табыс етті.
Еңбегі жоғары бағаланған ағамызды кезекті марапатымен құттықтап қояйық!
Қ.БЕКҚОЖИН,
Ақадыр кенті.