КСРО Жоғарғы Совет президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Указымен Қазыбек Бейсенұлы Нұржановқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Әкей қызмет бабымен Ақтоғай ауданы Қоңырат колхозынан Бірлестік колхозына ауысып, ауылдық кеңестің төреағалық қызметіне сайланған болатын.
Сол кезге тән бір жүйе бар еді. Жоғары жақ адамды бір жаққа қызметке жіберу үшін оның балаларының оқу мерзімінің аяқталуын күтетін. Осыған байланысты әкейдің жаңа қызметіне кірісуі жазға ауыстырылды.
Ол кезде мен екінші сыныпқа көшкенмін. Сол жылы маған жаз ерте шыққандай көрінді. Жәйлі қоныс тапқан Қоңырат колхозын қимасақ та, жаңа жерге жетуге асыққандықтан болар. ЗиС, газ-51 автокөліктеріне үй жиғаздарын, киіз үйді тиеп алып, Бірлестік колхозына түс ауа жеттік. Келе сала сегіз қанат аппақ киіз үйді ел-жұрт болып тігіп те үлгерді. Әдеттегідей шешей киіз үйді қалай тігетінін айтып жүрді. Ал кіретін үйдің жөндеу жұмыстары әлі бітпеген екен.
Біз болсақ қарынды ет-бауырсақ, қампиттерге нығыздап, торсықта дайындаған бал қымыздан бір кесесін сіміре салғаннан кейін, көрші үйлердің балаларымен ойынға кірісіп те кеттік.
Бірлестік(Қызылтас) колхозы өзінің ерекшелігімен көзге бірден ыстық болып көрінеді. Ауылдың бір жағында мүк басқан, аршасы күн беткейін жауып жататын, тал-қарақатқа бай, сайында піскен доналаның иісі аңқып тұратын, әдемі ою тастардан қалап қойғандай тау орналасқан. Ең биігінде көлі бар. Суы тұнық, мөп-мөлдір, түбі көрініп жататын. Екінші беті көдеге бай, сайлары тобылғы, қарағанға толы кішігірім таудан тұратын. Ауылдың ортасынан кішігірім өзен ағатын. Көктемде суға толы, жазда құрғап қалушы еді. Ауылдың күн батыс шетінде таудан бастауын алатын тас бұлақ ағып жататын. Тек бұлақтың басында ғана доналасы бар талдар жайқала өсіп тұратын.
Сонымен қойшы әйтеуір, жиырма шақты күннен кейін жөндеу жұмыстары бітіп, үймізге кірдік.
Түс мезгілі болатын. Үйдің есігі айқара ашылып, еңсесі биік, кеудесіне дейін түскен аппақ сақал-мұрты бар, үстіне жеңіл шапан киген, аяғындағы мәсісінің сыртынан галошын іле салған, қолында жеңіл сабау-таяғы бар, жасы сексенді алқымдап қалған қария кісі кіре берді. Қарияны жетектеп келген бала, кейіннен білдім Аманбек деген сол үйдің баласы екен, бір мектепте оқыдық, сыртта қалып қойды. Ішке кірген жоқ. Әкей орнынан жылдам тұрып барып, қол алып амандасқаннан кейін, қолтығынан демеп төрге әкеліп отырғызды. Мен де барып сәлем бердім. Маған ұзақ қарап тұрғандай болып еді, айтайын деген ойын әкем түсінгендей:
– Ақсақал, бұл біздің кенжеміз, Болат, – деп, таныстырып жатты. Мен де есейгенімді білдірейін деп, басымды изедім.
– Ой айналайын, мен сенің үлкен Нұржан атаң боламын, келіп сәлем беріп тұр, үйіміз көрші. Менің балаларыммен сенің әкең жақын туысқан болып келеді, -деп, әкейге қарай жүзін бұрып әкетті. Жүзі маған мұңлы көрінді.
Төрге жайғасқан мезетте, құманмен су әкелініп, қолын шайғаннан кейін шәй ішу жалғаса берді.
– Иә Ноғайжан қонысың жәйлі болсын, ол жақта ел аман-есен бе? Иман баламыз колхоздың басқармасы деп естідім, — деді шәй кесесін алып жатып. Әкей ол жақтағы елдің жағдайын рет ретімен айтып беріп отырды. Әңгіме айтылып, шәй ішіліп болғаннан кейін, Нұржан ақсақал келген шаруасын айтқысы келгендей ыңғай танытты. Байқадым, әкей де оны түсінгендігін сездіргендей болды.
– Өзің шет-жағасын естіген боларсың, менің үлкенім Қазыбегім 1943 жылдың күзінен кейін хабарсыз кетті. Әйтеуір бір хабарының болатынын мына жүрегім сезеді. Мен де қартайып қалдым, бүгін-ертең деп жүрген жағдайым бар. Сонда да күдерімді үзбеймін. Күн сайын ауданға шығар жолға қараймын да отырамын. Ноғайжан, сен де үкіметтің адамысың ғой, жақындығың бір басқа. Манарбек те, Өзбек те аянып жүрген жоқ, дегенмен туған бауырлары ғой, – деп, көзіне жас алғандай көрінді маған. Мен әріқарай шыдай алмай далаға шығып кеттім. Әңгіменің жалғасын тыңдай алмадым, оған менің шамам да жетпейтін еді.
Шыққан бойы аудан жаққа барар жолға қарап, тұрып қалдым. Арқасында дорбасы бар, иығына қаруын асынған соғыстан қайтып келе жатқан солдаттың бейнесі елестеді. Ол менің әкемнің інісі, менің де әкемдей. Үміт оты жарқ етіп жанғандай болды. Осылай күнде жолға қарап жүрсем бір хабар қайтсе де келеді, көрші атамды қайтсем де бірінші болып қуантам деп ой түйдім…
Иә, расында тура бір жыл толғанда аудан жақтан сүйіншілеген хабар да жетті!
КСРО Жоғарғы Совет президиумының 1945 жылғы 24 наурыздағы Указымен Қазыбек Бейсенұлы Нұржановқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Бірақ, бұл тек бұрын да келген хабар ғана еді.
Ол хабарсыз кеткен ұлын күткен еді…
Болат ҚАЛИ