Еңбегін ерекше бағалаймыз

Рахманберлі Түсіпов  аудандық СЭС-тың бас дәрігері және Жаңаарқа Кентінің әкімі болып аудан орталығының   әлеуметтік саласы мен  инфроқұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты. Еңбегін ерекше бағалаймыз. Оның шынайы еңбекке тазалығы, биік парасат иесі екендігі айдан-анық. Бүгін, міне, 70 жасқа толып отырған ағамызға жарқын өмірдің жақсылығын көре бер демекпін.

Рахаң, ел мүддесіне адал қызмет ету мен халық сенімін ақтаудың жарқын үлгісін көрсете білді. Әрине, басшы болып жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікпен қатар, жоғары талапты да жүктейді. Себебі әрбір мемлекеттік қызметші – мемлекеттің айнасы, халық пен билік арасындағы алтын көпір емес пе?!

Осы тұрғыдан алғанда, Рахманберлі ағамыздың қызметтегі басты құндылығы – әділдік, адалдық, кәсібилік пен жауапкершілік болды. Ол  әрбір қабылдаған шешімінде елдің заңына, ұлттың мүддесіне және халықтың аманатына сүйене білді.

Раха, Сіз әріптестеріңіз алдында ерекше беделге ие болған жансыз. Жинаған тәжірибеңізді тәлімгер және ақылшы ретінде кейінгі жастарға жеткізуден жалықпай келесіз. Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамыңыздың қарымды болуына, ел-қоғам алдында абыройыңыздың арта беруіне тілектестік білдіремін.

Қанат ҚОЖЫҚАЕВ,

Жаңаарқа ауданының әкімі