«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Энергетика, автоматика және теле байланыс факультеті, ЭЭ-24-4 тобының студенті Шевчук Александр 2025 жылдың қыркүйек айында «Ұлттық тағылым» республикалық ғылыми-тағылымдық басылымның ұйымдастыруымен өткен қазақ халқының ұлы ағартушы, философ, ақын Абай Құнанбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатындағы республикалық «Абай оқулары» шығармашылық конкурсына қатысып, жүлделі 1 орынды иеленді.
Абай оқуларының маңызы өте зор, себебі олар қазақ мәдениетінің, әдебиетінің және тілінің дамуына үлкен үлес қосады. Абай Құнанбаевтың шығармалары ұлттың рухани мұрасын сақтау мен дамытуға ықпал етеді, әрі оның ой-толғамдары бүгінгі күнге дейін өзекті болып табылады. Абай Құнанбаевтың шығармашылығы қазақ халқының мәдениетін, тарихын, дүниетанымын терең түсінуге мүмкіндік береді.
Абайдың өлеңдері мен қара сөздері адамдардың ақыл-ойын дамытуға, санасын оятуға бағытталған. Осы оқулар арқылы жастардың Абай мұрасын танып-білуі, оның философиялық және моральдық мұрасымен танысуы маңызды. Абайдың тіл байлығы, поэзиясы мен қара сөздері қазақ тілінің байлығын, тереңдігін көрсетеді.
Абай оқулары арқылы жастар қазақ тілінің маңыздылығын түсініп, өз ана тілінде еркін сөйлеп, оны құрметтеуге үйренеді. Абайдың шығармаларында адамгершілік, білім мен еңбекқорлық, әділдік пен мейірімділік мәселелері көтерілген. Осы қағидаттар қазіргі қоғамда да өзекті болып табылады. Абай оқулары арқылы жастарға осындай моральдық құндылықтарды меңгертуге мүмкіндік беріледі.
Абай оқулары арқылы жастар тек оның шығармаларын оқу ғана емес, сонымен бірге оларды сахнада жатқа айтып, мәнерлеп оқу арқылы шығармашылықтарын дамытады. Бұл жастарды өнерге жақындатып, өз қабілеттерін ашуға ықпал етеді.
Абай Құнанбаев қазақ халқының ұлы ойшылы, ол тек поэзияда ғана емес, қоғамдық пікірде де терең із қалдырды. Абай оқулары ұлтты біріктіруге, халықты мәдениет пен әдебиет арқылы тәрбиелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, Абай оқуларының маңызы тек әдебиет саласында ғана емес, ұлттық болмысымызды сақтап, ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде үлкен рөл атқарады.
Қарлығаш НҰРЖАНОВА,
«Әбілқас Сағынов атындағы
Қарағанды техникалық университеті»
Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарыныңмагистрі