Сәкен театрының 94-ші маусымы Шекспирмен басталды

Қарағанды облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа 94-ші театр маусымын салтанатты түрде ашты. Театр сүйер қауым биылғы маусымның шымылдығын әлемдік классика – Уильям Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясымен түрді.

Бұл жолы мәңгілік махаббат пен қасірет туралы шығарма ерекше форматта – саундрама жанрында сахналанды. Музыка, дауыс, қимыл-қозғалыс пен пластика тоғысып, драмалық қойылымға жаңа тыныс берді. Көрермен сахнадан тек сөзді ғана емес, әуен мен ырғақ арқылы жеткізілген эмоцияны да сезінді.

«Біздің қойылымның бірнеше үзінділерінде кейбір көріністер өзгертілді, мәтінде қысқартулар бар, бірақ сюжеттің және оқиғалардың хронологиясын толық сақтадық. Себебі бұл – автормен бірге жұмыс істеу, автордың ойы мен сезімін ескеру. Біз осыны саундрама әдісі арқылы дәл табуға тырыстық», – деді қоюшы режиссер Александр Недомолкин.

Қазақстан сахнасындағы алғашқы тәжірибесі екенін айтқан ресейлік режиссер қазақ театрымен жұмыс істеудің өзіндік әсер қалдырғанын жеткізді. «Біздің қойылымымыз бірнеше өнер түрін біріктіреді. Біз ең алдымен драмалық театрдан бастаймыз, содан кейін опера, мюзикл, балет және халық билерін де қосамыз. Бұл бәрі бірге, өйткені біздің әдісіміз музыка мен ритмге негізделген. Әрбір көрініс және спектакльдің бөліктері актерлер мен режиссерлердің ішкі музыкалық сезімдерімен үйлескен», – дейді Александр Недомолкин.

Қойылымның музыкалық жетекшісі Иван Дерендяев те ерекше дайындыққа тоқталды. «Біз көп импровизация жасадық, келген сәттен бастап барлық музыка осында жазылды. Музыка толық авторлық, ешқандай басқа композиторлардың шығармалары пайдаланылмайды, тек менің, музыканттардың және әртістердің жазған өзіміздің музыка. Сондай-ақ театр әртісімен бірлесіп жазылған ән де бар», – деп атап өтті иван Дерендяев.

Премьераны Мәскеуден арнайы шақырылған шығармашылық топ дайындады. Қойылымда режиссермен бірге хореограф Александра Кульбарисова, суретші Макела Шмаевич және продюсер Альберт Горбачев еңбек етті.

Театрдың көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов биылғы маусымның ерекшелігіне тоқталып, алда әлі талай жаңа жобалар күтіп тұрғанын айтты.

«Биылғы маусымның ерекшелігі – әлемдік шығармалардың жауһары атанған Шекспирдің «Ромео мен Джульетта» трагедиясы. Режисері, суретшісі, композиторы – барлығы Ресейден арнайы шақыртылған. Жыл көлемінде адамның руханиятына рухани көңіліне бір тамшы болып таматындай өнер туындыларын дүниеге әкелетініміз сөзсіз. Алдағы уақытта тағы шақыртатын режиссерлеріміз бар», – деді Айдын Салбанов.

Сәкен театрының 94-ші маусымының ашылуы көрерменге тың серпін сыйлап, классикалық туындыны мүлде жаңа қырынан танытты. Саундрама әдісінің арқасында «Ромео мен Джульетта» сахнада музыка мен сезімге толы жаңаша өмір сүрді.

Құралай КӨБЕНОВА