ПАРТИЯНЫҢ КӨЗДЕГЕНІ – ХАЛЫҚТЫҢ БАҚУАТТЫ ТҰРМЫСЫ

Қарағанды облысының экономикасының салаларындағы жобаларға партия тарапынан қатаң бақылау жүргізіліп отыр. Барлық бағыттардағы жобаларды партия мүшелері бақылауға алып, кем-кетігін түзеп, кешігіп жатқан жобаларды жеделдетуге үлес қосып келеді. Сондай-ақ тың бастамаларды жүзеге асыруда нақты ұсыныстар жасалды. Бұл бағытта Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасында көрсетілген міндеттерді уақытында орындау маңызды. Жол картасына 137 іс-шара енгізілген. Жобалар негізінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Бүгінде жобалардың көп бөлігі орындалды. Ал кейбір мәселелер партияның бақылауына алынды. Қазір облыста 44 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Биылғы жылы олардың санын ұлғайту жоспары бар. Бұл қоғамдық мониторингті күшейтуге және нысандардағы жұмыстың тиімділігін арттыруға жол ашады. Қазір партия өкілдері білім беру, спорт, денсаулық сақтау нысандары мен қоршаған ортаны қорғау мәселелерін назарда ұстап отыр. Сонымен қатар Президенттің жақында жарық көрген «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауында көтерілген мәселелер – партия назарында. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық және су инфрақұрылымын жаңғырту міндеттерін қойды. Осыған сәйкес облыста су ресурстарын ұтымды пайдалану технологияларын енгізу жұмыстары басталды. Бұл жұмысқа шетелдік серіктестер тартылып отыр. Мәселен, француз компаниясымен келісім жасалды. Мұны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өз сөзінде атап өтті.

  • Бірнеше ай бұрын біз Францияның SUEZ атты ірі компаниясымен келісімге қол қойдық. Бұл компания – су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы әлемдік көшбасшы. Қазіргі таңда жұмыс басталып кетті. Компания мамандары келіп, тиісті талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Су және су ресурстарына қатысты мәселелер ауқымды. Біз бұл саланы ретке келтіреміз, – деді аймақ басшысы.

Үшжақты келісімге SUEZ International SAS компаниясы, Қарағанды облысының әкімдігі және Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы қол қойған еді. Келісім шеңберінде су шаруашылығындағы озық технологияларды енгізу, сумен жабдықтау тиімділігін арттыру, су шығындарын азайту және қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша жобалар әзірленеді.

Сондай-ақ Жолдауда көрсетілген ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жастар саясаты және тағы да басқа бағыттар бойынша берілген тапсырмалар Amanat партиясының облыстық филиалының назарында тұр. Әсіресе агроөнеркәсіп кешенінің өнімін ұлғайтып, экспорттық өнім шығаруға бейімдеу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұған орай партия өкілдері де, тауар өндірушілер де біріге жұмыс істеуге келісіп отыр.

  • Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығына көп қаражат құйып отыр. Сәйкесінше, бұдан өндіретін өнім де мол, күтетін нәтиже де жоғары болуға тиіс. Біз ішкі нарықтан бөлек, экспортқа да жұмыс істеуіміз керек. Мен өз сөзімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл шаруашылығы – экономиканың драйвері болуы керек. Алдымызда үлкен-үлкен міндеттер бар. Оларды орындауға бар күш-жігерімізді саламыз. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін өзіміз жұмысты жандандыруымыз шарт, – деді облыстық мәслихат депутаты, Қазақстан фермерлер одағы филиалының төрағасы Игорь Жабяк.

Қоршаған ортаны қорғаудағы шикіліктер партия назарынан тыс қалған емес. Бұған дейін өткен партия флилаиылының отырыстарында бұл тақырып талай мәрте талқыланды. Оның ішінде Теміртаудағы экологиялық жағдай жиі талқыланады. Партияның өңірлік жол картасы тармақтарының бірі Qarmet компаниясының зауытттары атмосфераға шығаратын ластаушы заттардың көлемін азайтуды көздейді. Қазір металлургиялық клмбинатты табиғи газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға сеп болады. Бұдан бөлек өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеуде мемлекеттен қолдау көрсетілмек.

  • Қазір зауытты газға көшіру қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ биыл жеке тұрғын үй секторын газдандыру аяқталады. Тағы бір мәселе – өнеркәсіптік қалдықтар. Кәсіпкерлікті қолдау аясында металлургиялық кластермен байланысты, оның ішінде өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу жөніндегі жобаларды субсидиялайтын боламыз, – дейді Ермағанбет Бөлекпаев.

Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға айрықша мән беру жалғасады. Мұны өз сөзімен Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков те қуаттайды. Ол партиялық жұмыстың тиімділігі халықпен өзара байланысқа тікелей тәуелді дейді.

  • Amanat – бұл тек саяси институт қана емес, нақты істердің қозғаушы күші. Біздің міндетіміз – халыққа жақын болу, олардың сұраныстарына жедел әрекет ету, кері байланысты күшейту және әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – дейді филиал басшысы.

Иә, өңірдегі маңызды жобалардың аяқ алысына партия тарапынан тұрақты мониторинг жүргізу жалғаса береді. Бұл жерде халық пікірі де ескеріліп отырады. яғни жергілікті тұрғындардың талап-тілегі, арыз-шағымына орай кейбір мәселелерге қатысты шешімдер қабылданады. Сөйтіп партия мен халық пен билік арасындағы диалог алаңына, алтын көпірге айналды.

Манас АҚСАРЫ