Бұқар жырау ауданының Мәдениет үйінде ұлт руханиятының асыл қазынасына айналған Бұқар жырау толғаулары қайта жаңғырып, жас өнерпаздардың жүрегінен төгілді. XVIII дәстүрлі «Бұқарекең жырлайды» атты байқауға 60-тан астам қатысушы жиналды.
Олардың арасында мектеп оқушылары, студенттер, ұстаздар мен жас ақындар бар. Ең кішкентай үміткердің жасы небәрі сегізде.
Байқаудың негізгі мақсаты – Бұқар жырау Қалқаманұлының мол рухани мұрасын кеңінен насихаттау, халық өнерінің сарқылмас дәстүрін дәріптеу, жас буынды ұлттық құндылықтарға баулу және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Дәстүр бойынша дода төрт аталым бойынша ұйымдастырылды: «Жыршы-жыраулар сайысы», «Бұқар жырауша», «Бұқар жырау оқулары» және «Әлемді түгел көрсе де».
Қатысушылар тек қана Бұқар жырау шығармаларын мәнерлеп оқумен шектелмей, ұлттық поэзияның үнімен үндес өз туындыларын да көпшілікке паш етті.
Шара соңында барлық өнерпазға алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табысталып, үздіктері арнайы дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды.
«Бұқар жырау оқулары» аталымында бас жүлде – 50 мың теңге көлеміндегі сыйлық Ақбел ауылының оқушысы Асылжан Көшеғұловаға бұйырды. Оның жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жасұлан Хамитов.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ