Олжас Қайратұлы Сламбеков Қарқаралы ауданы, Тегісшілдік ауылдық кеңесіне қарасты Қарынши ауылының тумасы. Мектептен кейін Қарағанды қаласындағы экономикалық университетте оқып жүрген уақытта спорттық ойындарға белсене қатысып жүреді. Өзі қатарлы студент жастармен бірге спорттың түр-түрімен айналысады. Облыстағы болып жатқан түрлі жарысқа қатысып, талай рет жүлделі орындарды иеленеді. Кейіннен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің дене мәдинеті және спорт факультетінде оқып білім алады. Кәсіби жоғары білікті маман атанады.
«Ұстаз – дегеніміз өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» дегендей, «Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы», бапкер, төреші Диқанбай Биткөзовтың тәлімді тәрбиесінен өткен Олжас Қайратұлы, Қарағанды қаласындағы «Жас сұңқар» спорт мектебінің қазақ күресі бойынша жаттықтырушы болып тоғыз жыл еңбек жасады. Спортпен шыңдалған шымыр денелі бірнеше жас жеткіншектерді түрлі айла-тәсілмен шынықтырып екі оқушысын спорт шебері атандырды.
Спортты жанына серік еткен бапкер Олжас Қайратұлы Халықаралық спорт шебері атағын қорғап алған жаттықтырушы. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері кубогінің жеңімпазы. Әлем чемпионатының қазақ күресінің күміс жүлдегері. 4 жылда бір рет өтетін «Ақбидай» республикалық турнирінің жеңімпазы атанды. Шымкент, Тараз қалаларында өткен республикалық турнирлердің қазақ күресі бойынша жеңімпазы атағымен марапатталды. Адамның өмірден алған тәжірибесі жүріп өткен жолы сипатты. Күрес өнеріне қатысып жүрген әрбір баланың мінез-құлқы әртүрлі, әрі құбылмалы. Балалардың мінез-құлқын байқап отырып, күрес ереже талаптарымен бірге, тәртіпті болуға баулу да осы бапкерге байланысты болмақ. «Дені саудың – жаны сау» деген халқымыз. Жаман әдеттерден жасөспірімдерді жирендіріп, өмірдегі толып жатқан жақсылықтарға тәрбиелеу жолында, жылы сөздермен бірге аялы қамқорлықты көрсетіп, сезіндіру де ғанибеттік адамдық жарасымды құбылыс.
Олжас Қайратұлы бүгінгі күндері Көктас ауылында тәжірибелі жаттықтырушы болып еңбек жасауда. Талпынып өсіп келе жатқан жас балалардың көшеде бос жүрістерін азайтып, қазақ күресінен спорт секцияларын құрып, қызықтырып талай сайыстарға қатыстыруда. Қазақ күресі қазақ халқының қанына сіңген спорт түрі болғандықтан осы салада бапкерлер тез қимылдау шеберліктерін жақсы меңгеруі керек. Халқымызда «Күш атасын танымас» деген нақыл осы күрес түріне арнап айтылғандай. Жоғары кәсіби білімді ізденгіш ұстаздан тәлім алған шәкірттері талай рет аудандық, облыстық тіпті халықаралық жарыстарға да белсене қатысып жүлделі орындарды иеленуде. Атап айтсақ, Әмір Нұрбекұлы, Ақжол Құдайберген, Елтай Рымхан сияқты спортқа икемді келешегі зор жасөспірімдеріміз баршылық екен. Адамның жан-жақты жағымды жақсы қасиеттері – оның иманжүзді кішіпейіл, адамгершілігі мен рухани ішкі байлығының молдығын білдіреді.
«Спорт – өмір тірегі» демекші, белсенді спортшы ұстаз, бос уақытын құр жібермей қоғамдық жұмыстарға да қатысып тұрады. Елгезек, парасатты адам жақсылық атаулыға жаны құмар болып келеді. Отбасы мықты Олжас жүрген ортасында ұлттық дәстүр мен жаңашылдықты дәріптеп жүретін озық ойлы, биік тұлғалы азамат. Өйткені оның қанында бар қасиет. Асқар таудай беделді әкесі Қайрат Төкенұлы елге сыйлы, абыройлы өте мейірімді бауырымыз еді. Аллаға да жақсы адам керек дейміз ау! Ойламаған жерден келместің кемесіне мініп кетті… Қу тіршілік, қу тағдыр…
«Отбасы – бақыт бастауы» десек, Ойрат ағасының тұңғышы, атасының сүйікті немересі Алмас 11-сыныптың оқушысы. Ағасы Олжастың күрес мектебінде жаттығып жүрген келешегі бар азамат. Ал Олжастың үлкені Жарас Теміртау қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебінің дзюдо мамандығы бойынша оқып, білім алған жас маман. Ол Көктас ауылындағы мектептің 6-сыныбында оқып жүргеннен бастап, талай сайыстарға қатысып жүлделер алған жас талап. Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы «Дала қырандары» республикалық турнирінде 1 жүлделі орынмен марапатталған.
«Спортты – өмірлік серігім» деп білетін, ынтымақ бірлігі жарасқан, ағайынды бауырларға қажымас күш-қуат тілейміз.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Қарқаралы ауданы,
Көктас ауылы