Қарағанды облысының полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін қылмыстық әрекеттің жолын кесті. Мұндай сұмдықтың алдын алмақ түгілі, дер кезінде әрекет етудің өзі үлкен жауапкершілік және жылдамдық. Интернет-алаяқтар соның өзінде ізін жазысып, өзін құтқарып үлгереді.
«Қарағанды облысының полицейлері интернет-алаяқтыққа қатысы болуы мүмкін қылмыстық әрекеттің жолын кесті» деген бойда облыстық палиция департаментіне хабарласқанбыз. Оқиға былай болыпты. Астана қаласында жүргізілген арнайы операция барысында 20 жастағы елордалық тұрғын ұсталды. Ол жаппай заңсыз түрде SIM-карталарды қосып, сатумен айналысқан деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары бұл әрекеттің интернет-алаяқтардың қызметіне тікелей қатысы барын жоққа шығармайды. Тергеу кезінде күдікті әлеуметтік желілер арқылы оңай табыс табу туралы ұсыныс алып, қылмыстық схемаға қосылғанын мойындады. Бастапқыда белгісіз адамдар оған жеке аккаунтын сатуды ұсынған, кейін SIM-карталарды заңсыз сатумен айналысуға итермелеген. Жеңіл табысқа қызыққан жас жігіт келісіп, жүзден астам SIM-картаны өткізіп үлгерген. Алдын ала деректер бойынша, ұсталған азамат шамамен 110 SIM-картаны заңсыз сатқан. Қазіргі таңда полицейлер істің барлық мән-жайын анықтап, қылмыстық топтың өзге қатысушыларын әшкерелеу және келтірілген шығынды есептеу бағытында тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.
Енді мұның Қарағандыға қандай қатысы бар десек, астаналық алаяққа тапсырыс берушілердің дені қарағандылықтар болған. Демек, интернет-алаяқтықпен айналысқан азамат Қарағандыдан бола тұра, із жасыру мақсатымен елордаға барғаны белгілі болып отыр.
***
Теміртауда есірткі саудасына соққы жасалды. Осы уақытқа дейін әйел азаматша интернет-дүкеннің тапсырмасы бойынша есірткі заттарын қаптап келген.
Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл күшейтілуде. «Қарасора – 2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Теміртау қаласының полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Операция барысында әйел полицейлерді көрген сәтте қолындағы полиэтилен түйіншекті жасырмақ болған. Оның ішінен ақ түсті таспамен оралған, бежевый түсті ұнтақ зат салынған 24 шағын түйіншек тәркіленді. Жеке тінту кезінде оның ұялы телефонынан куратормен хат алмасу анықталды, сондай-ақ есірткі заттарын сақтауға арналған сөмке табылды. Күдіктінің тұрғылықты жерін тексеру барысында шамамен 100 грамм бежевый түсті ұнтақ зат пен есірткіні қаптауға арналған құралдар тәркіленді. Барлық айғақтар сараптамаға жіберілді. Қылмыстық іс қозғалып, жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында әйел өз кінәсін мойындады. Ол соңғы бір ай бойы интернет-дүкеннің тапсырмасы бойынша есірткі заттарын қаптап келгенін түсіндірді. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
***
Қарағанды облысының полицейлері гастролёр-ұрыны ұстады. Сөйтіп, еліміз бойынша бірқатар ұрлықтың бетін ашты.
Қарағанды облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Алматы қаласында Шымкенттің 20 жастағы тұрғынын құрықтады. Ол еліміздің бірнеше өңірінде жасалған ұрлық қылмыстарына қатысы бар деген күдікке ілінді. Алдын ала деректер бойынша, күдікті Қарағандыдағы сауда орталықтарының біріндегі зергерлік бутиктен әшекей бұйымдарды және жергілікті мешіттердің бірінен қолсөмкені ұрлаған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 800 мың теңгеге бағалануда. Тергеу кезінде ол Астана мен Алматы қалаларындағы мешіттерде жасалған тағы екі ұрлық дерегін мойындады. Бұл оның әртүрлі өңірлерде қылмыстық әрекетпен жүйелі түрде айналысқанын көрсетеді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Полицейлер ұрланған мүлікті анықтау және тәркілеу бойынша шаралар қабылдауда, сондай-ақ күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ