ҰСТАЗДАР КҮНІНЕ АРНАЛДЫ

Ұстаздар мерекесі әрбір жылдың 5 қазан күні әлемнің 100-ден астам елдерінде Дүниежүзілік мұғалімдер күні ретінде аталып өтеді. Оған біздің еліміз де қосылған. Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің  кәсіби мерекесі. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі аталып өтіледі.

Кентімізде осы мерекеге орай бірнеше мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылып жатады. Солардың бірі жылдағы дәстүр бойынша білім саласының  мекемелері арасында өтетін жекелеген спорт түрлерінен жарыстар. Былайша айтқанда «кішігірім спартакиада».  Бұл жарыстың ұйымдастырушысы Ақадыр кенті әкімдігі болып табылады.

Осы жолғы сайысқа Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейі, Ә.Ермеков атындағы тіректі мектеп (ресурстық орталық) жанындағы интернат, М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беру мектебі, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебі, «Нұршуақ» және «Балбөбек» бөбекжайлары ұжымдарының мүшелерінен құрылған командалары қатысты.

Салтанатты ашылу шарасында спортшыларға құттықтау сөздерін кент әкімінің орынбасары Айқынбаев М.А., Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанасылов Б.С., жарыстың бас төрешісі Қаракекілов М.Т. арнады.

Спортшылар волейбол, тоғызқұмалақ және арқан тарту түрлерінен сайысты.

Волейбол турнирінде Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ойыншылары алдына жан салмаса, екінші-үшінші орынды Ю.Гагарин және Ә.Ермеков атындағы мектептердің командалары бөлісті.

Тоғызқұмалақтан өткен жарыста бірінші орынды Ю.Гагарин мектебі, екінші орынды Ә.Ермеков мектебі, үшінші орынды М.Мәметова мектебі иеленді.

Ал енді арқан тартудан өткен сайыста Ә.Ермеков атындағы мектептің командасының мерейі үстем болды. Одан кейінгі жүлделі орындарды М.Мәметова, Ю.Гагарин атындағы мектептерінің командалары жеңіп алды.

Жалпыкомандалық есеп бойынша бірінші орынға Ю.А.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің, екінші орынға  Ә.Ермеков атындағы, үшінші орынға  М.Мәметова атындағы  мектептерінің командалары шықты.

Бас жүлдеге 100 000 теңгенің, екінші орынға 70 000 теңгенің, үшінші орынға 50 000 теңгенің сертификаттары табысталса, команда мүшелері алған орындарына сәйкес әрбір спорт түрлерінен және командалық есеп бойынша арнайы дипломдармен, медальдармен марапатталды.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті