ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ЕЛ АРДАҚТЫ

Қазақта «Қариясы бар үйдің – қазынасы бар» деген дана сөз бар. Шын мәнінде, қария – тек қарашаңырақтың емес, тұтас елдің баға жетпес қазынасы. Қазақ халқы әрдайым үлкенін ардақтап, қариясын қазынаға балаған, анасын сыйлап, аса құрметпен қадірлеген. 

Ақадыр кентінде Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің, Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени – сауық орталығының ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған мәдени кеш өтті. Кешке жергілікті халықтан басқа аудан көлеміндегі кент, ауылдардың ақсақалдар алқасының төрағалары, қариялары, әкімдері қатысты.

Мәдениет үйіндегі мерекелік кеш «Айналайын» балалар хор ұжымының «Ата мен әже» әнімен ашылды. Жиналған қауымды Шет ауданының  әкімі Мұқтаров Мұхит Сайлауұлы құттықтады.

Кештің әдемі сәті осы мерекеге арнайы шақырылған құрметті қонағымыз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жастар «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Халық әртісі Стамғазиев Рамазан Өмірәліұлы болды десек артық айтқандығымыз емес.

Рамазан Стамғазиев еліміздің әйгілі әншісі,  дәстүрлі ән өнерін насихаттаушылардың бірі. Әміре Қашаубаев атындағы әншілер байқауының жеңімпазы. 1989 жылы Алматы эстрада–цирк училищесін Қайрат Байбосыновтың класы бойынша бітірген. Эстрада – цирк училищесінде, одан кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұстаздық етті. Қазіргі кезде Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясындағы Дәстүрлі ән кафедрасының меңгерушісі.

Әнші көрермендердің алдында  «Әгугәй», «Ақ жорғажан», «Ал жаным-ай», «Алай көк», «Ахау бүрлен», «Дәурен-ай», «Екі жирен», «Қос торы» халық әндерін, қазақ композиторларының  «Дариға Дәурен», «Ақ сәукеле», «Әке туралы жыр», «Қоңыр әуен», тағы басқа әндерді нақышына келтіре орындады. Онымен қоса танымал әнші қазақ термелерін, халықтың сұрауы бойынша эстрада әндерін де шырқап берді.

Кешіміздің тағы бір қадірлі қонақтары Алматы қаласының Н.Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары ансамблінің мүшелері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі», жерлесіміз Қойшыбаев Абай Омарұлы, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Жүнісов Айдын Дүйсенбекұлы болды. Алдымен олар жеке күйлерін орындап, артынан екеуі бірігіп қиқулатқан көрермендердің үнімен күй-тартысын ұсынды. Сол күні бесаспап күйшілердің орындауында төкпе күйлер де, шертпе күйлер де маржандай өріліп төгіліп жатты. Кешке келген қариялар, әжелер орындарынан қозғалмай, өнер иелерін тамашалап, алғыс сөздерін, баталарын  аямады.

Кеш Иса молла атындағы мұсылмандар мешітінің асханасында жалғасын тапты. Ұйымдастырушылардың тарапынан ауданның елді мекендерінің тұрғындарына мерекелік дастархан жайылып, халқымыздың дәстүрі бойынша ұлттық тағамдар ұсынылып, ет тартылды.

Алғаш сөз алған Шет ауданы әкімінің орынбасары Кәрсембаев Д.Қ., ауыл, кенттерден келген қариялар жүрекжарды құттықтауларын арнады. Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының әншілері Айзада Рыспекова, Дана Данабекова, Данияр Мадин, облысымызға, ауданымызға белгілі эстрада әншісі Алшағыр Жақаев жиналған қауымға музыкалық сәлемдемелерін жолдады.

Аудан көлемінде алғаш рет ұйымдастырылған қарттарға арналған үлкен шара жоғары деңгейде өткізілді. Әдемі шараға қатысушылар аудан және кент әкіміне ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті