Кеншілер әулеті

Қарағанды облысындағы «Шахтинская» шахтасында бірегей еңбек әулеті жұмыс істейді. Бұл — Чернобайлар отбасы. Олардың жалпы еңбек өтілі көмір өнеркәсібінде 150 жылдан асады. Әулеттің әр буыны кенші мамандығына деген құрмет пен сүйіспеншілікті, сондай-ақ жер астындағы ауыр еңбектің тәжірибесін келесі ұрпаққа мұра етіп қалдырып келеді.

Отбасының отағасы Сергей Чернобай шахтаға 40 жыл бұрын келген. Қарапайым жұмысшыдан бастап басшылық қызметке дейінгі жолды еңсерген ол бүгінде конвейерлік тасымал учаскесінің бастығы. Оның міндеті — көмірді жер бетіне үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету. Бұл — шахтаның негізгі буындарының бірі.

Сергей Чернобай, конвейерлік тасымал учаскесінің бастығы:

— Әскерден келген соң бірден шахтаға орналастым. «Шахтинскаяға» 1985 жылы монтажшы болып кірдім. Әкем мен анам да шахтада, бірақ Ленин атындағы шахтада еңбек еткен. Олар да бұл салаға өмірлерін арнады.

 

Еңбек пен махаббат түйіскен орта

Сергейдің жұбайы Наталья Чернобай да кеншілік мамандықты таңдаған. Ол 20 жылдан бері көтергіш машинаны басқарып, 265 метр тереңдіктен 17 тоннаға дейін көмір шығаратын скиптерді жер бетіне көтереді.

Наталья Чернобай, көтергіш машина машинисі:

— Біз көмірді жоғары көтеріп, вагондарға тиеп жібереміз. Ток беру мен тежеуді басқару — менің міндетім. Машинаның қозғалыс жылдамдығы мен берген токқа тікелей байланысты. Бізде ерекше техника бар — дәл осындай машиналар басқа жерде жоқ.

 

Ата жолын қуған ұрпақ

Әулеттің екі ұлы да ата-анасының ізін жалғаған. Кішісі Юрий Чернобай сол шахтада конвейерлік тасымал учаскесінің бастығының көмекшісі болып еңбек етеді.

Юрий Чернобай:

— Кеншілер әулетінің мүшесі болу — үлкен мәртебе. Кенші дегеніміз — батылдық, ерлік және табандылық.

Ал үлкен ұлы Станислав Чернобай — тау-кен шебері. Ол да әкесінің жолын жалғастырып, жер астында жұмысшы болып бастаған.

Станислав Чернобай, тау-кен шебері:

— Мен өз отбасымның дәстүрін жалғастырып жүргеніме мақтанамын. Мектептен бастап әкемнің жолымен жүремін деп шештім. Біздің жұмыстағы ең маңызды қасиет — тәртіп, сабырлылық және аға буынға құрмет.

 

Жаңа технологиялар — жаңа мүмкіндік

Сергей мен Натальяның алты немересі бар. Егер болашақта олардың бірі кенші болуды қаласа, ата-аналары қарсы болмайтынын айтады. Бүгінде мемлекет еңбек адамын құрметтеуді, еңбек жағдайларын жақсартуды және цифрлық технологияларды енгізуді басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отыр.

Сергей Чернобай:

— Қазір техника жаңарып жатыр: жаңа автобустар, заманауи жабдықтар келуде. Қауіпсіздік жағынан да көп өзгеріс бар. Енді радиобайланыс жүйелері енгізілуде — бұл өте маңызды, себебі шахтада қауіпсіздік бірінші орында.

 

Цифрлық шахта — қауіпсіз еңбек кепілі

Қарағандыдағы сегіз шахтада радиобайланыс пен позициялау жүйелері енгізілуде. Бұл цифрлық қорғаныс жүйелері төтенше жағдай кезінде оқиға орнын тез анықтап, құтқарушыларды жедел бағыттауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, көтергіш машиналар автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықталып жатыр. Бұл жұмыс үдерісін жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттырады және өндіріс тиімділігін қамтамасыз етеді.

Жаңа технологиялардың енгізілуімен кенші мамандығы бұрынғыдан да тартымды бола бастады — енді бұл салаға тек еңбек әулеттерінің өкілдері ғана емес, қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері де қызығушылық танытуда.

 

Сілтеме: https://youtu.be/p5YPCLWbWLw