Қарағанды облысында ауқымды және заманауи спорт кластерінің құрылысы басталды. Жоба аясында UEFA талаптарына сай төртінші санаттағы стадион және балалар-жасөспірімдер мен кәсіби спортты дамытуға арналған бірнеше нысан салынбақ. Бұл бастаманың алғашқы кезеңі – Футбол академиясының құрылысы.
Болашақ оқу-жаттығу орталығының құрылыс алаңын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аралап, жұмыс барысымен танысты. Ол өңірде футболды жүйелі түрде дамыту үшін ең алдымен жергілікті кадрларды даярлау маңызды екенін атап өтті.
– Футболдың іргетасы – өз ойыншыларымызды бала кезден тәрбиелеу. Легионерлерге арқа сүйеу – ұзақмерзімді нәтиже бермейді. Академия болашақ кәсіби спортшылардың өсіп-жетілуіне және бұқаралық спортты өркендетуге негіз болатын орталыққа айналуы тиіс. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Оның табысты жүзеге асуына барлық қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ болашақта қажеттілік туындаса, нысанды кеңейту мүмкіндігін де қарастыру қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Академия шамамен 10 гектар аумақты қамтиды. Мұнда 3,5 мың көрерменге арналған трибуналары бар стадион, жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы және әкімшілік-тұрмыстық кешен салу көзделген. Спортшылар мен жаттықтырушылардың барынша жайлы жағдайы үшін медициналық кабинеттер, асхана, жуынатын бөлмелер, сауна, бассейн және жатақхана қарастырылған. Кешен манежбен жылы өткел арқылы байланысады. Сондай-ақ аумақта воркаут аймағы, жаттығу құрылғылары, демалыс саябағы мен кең автотұрақтар болады.
Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы қаржыландыруда. Шілде айында облыс әкімдігі мен холдингтің бас директоры Тимур Турлов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. 12 млрд теңге көлеміндегі инвестиция құрылысқа бағытталса, тағы 6,5 млрд теңге өңірде бұқаралық футболды дамытуға жұмсалады. Бұл қаржыға қала мен ауылдарда шағын футбол алаңдары салынып, мектептер мен балабақшаларда спорттық бағдарламалар енгізіледі, түрлі турнир мен фестивальдер өткізіледі.
Қазіргі таңда құрылыс алаңында жердің құнарлы қабаты алынып, әкімшілік ғимараттың іргетасын дайындау жұмыстары жүріп жатыр.
– Қазір әкімшілік-тұрмыстық кешеннің негізіне арналған бетон дайындығы жасалуда. Бұған дейін қабаттап жоспарлау жұмыстары сараптамалық зертхана бақылауымен жүргізілді. Наурыз айына дейін ғимаратты тұрғызуды және ауа райына байланысты жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді жоба жетекшісі Тахир Ходжамбердиев.
Қала әкімдігі тарапынан нысанға инженерлік коммуникациялар – электр желісі, жылу, су және кәріз жүйесін тарту бойынша толық қолдау көрсетілуде.
Академияның құрылысы 2027 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Болашақта бұл аумақ Қарағандының жаңа спорт орталығына айналмақ. Спорт кластері Майқұдықтағы негізгі магистральдан бастап, Көгілдір тоғандардағы үшінші су айдынына дейінгі аумақты қамтиды. Мұнда ыңғайлы жол желісі салынып, көл маңындағы аумақ абаттандырылады. Коммерциялық құрылыссыз табиғи парк жасалып, ол қарағандылықтардың спортпен айналысуына және демалуына арналған кеңістікке айналмақ.