2025 жылдың басынан бері Қарағанды облысында 32 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды. Оның үштен бірі жаңа жұмыс орындарына орналасқан. Бүгінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі небәрі 4 пайызды құрап отыр – бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен.
Өңірде жастарды және әлеуметтік осал топтарды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы іске асырылып келеді. Ол мемлекеттік бағдарламалар мен «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас», «Алтын жас» жобаларын, сондай-ақ кәсіби оқыту мен қайта даярлау бастамаларын біріктіреді.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтардың айтуынша, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға кәсіби бағдар беру мен оқытуға айрықша мән берілуде. «JUMYS TAP» жобасы аясында Қарағанды мен Теміртауда кеңес беру орталықтары жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға мамандық таңдау мен жұмысқа орналасу бойынша көмек көрсетіледі. Жобаға қатысушылардың жартысы дәнекерлеуші, сантехник, тігінші және шаштараз сияқты мамандықтар бойынша колледждерде оқып шықты.
Сондай-ақ өңірде кәсіпкерліктің негіздерін үйрету қолға алынған. Биылдың өзінде «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында жеке ісін ашуға немесе кеңейтуге 225 грант берілді. Бұл бастама өз жемісін беруде: өңірде жаңа ательелер, дүкендер, шеберханалар мен өндіріс цехтары ашылып жатыр. Гранттар бойынша өтінім беру және есептілік процесі толық автоматтандырылған.
Жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің бірі – бос жұмыс орындары жәрмеңкелері. Тек 2025 жылдың өзінде осындай шаралар арқылы 3 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Өңірдегі жұмыспен қамтудың артуы өнеркәсіптің дамуына да байланысты. Жыл соңына дейін 15 жаңа өндіріс іске қосылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Онда технологиялық желі операторлары, кран машинистері, электрмонтерлер және басқа да мамандар еңбек ететін болады.
– Тек «Тэмпо Казахстан», «Тау-Кен Темір», «Qaragandy Power Silicon» секілді кәсіпорындардың өзінде шамамен 600 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов.
2026 жылға қарай қосымша мыңнан астам адамды, ал 2027 жылы 600-ден астам тұрғынды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, жұмыспен қамту – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды факторлардың бірі.
– Тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесіне кешенді әрі жүйелі түрде қарау қажет, – деді өңір басшысы. – Кәсіби оқытуды жалғастырып, зейнет алды жастағы азаматтарды жұмысқа тарту үшін кәсіпорындарды ынталандыру қажет. Сондай-ақ «Алтын жас» пен «Жұмыс тап» сияқты жобаларды дамыту және әлеуметтік осал топтарға қолдауды күшейту маңызды. Өңірдің әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек.