Қарағанды облысында Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналған мерекелік онкүндік 15 қазанда басталды.
Бұл мерекеге орай өңірде 350-ден астам іс-шара өтеді. Олардың қатарында мәдени-көпшілік, патриоттық, қайырымдылық және әлеуметтік бағыттағы жобалар бар. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар нысандар ашылып, тұрғын үйлердің кілттері табысталады.
Мерекелік шаралардың мазмұны мен барысы облыстық аппараттық кеңесте талқыланды.
– Республика күні – халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны, еліміздің басты ұлттық мерекесі. Сондықтан барлық іс-шара жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтуі тиіс, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мерекелік іс-шаралардың қалай өтетіні туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов айтып өтті.
– – Облысымызда Республика күні мен Тәуелсіздік Декларациясының 35 жылдығына арналған іс-шаралар 15 қазаннан басталды. Облыстық жоспарға сәйкес 350-ден астам іс-шара өтеді. Барлық шаралар «Republic Day» брендімен ұйымдастырылып, тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлауға бағытталған. Мәдениет мекемелерінде көрмелер, әдеби кештер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылмақ. Мектептер мен колледждерде эссе, сурет байқаулары, сынып сағаттары өтеді. Жоғары оқу орындары мен колледждерде пікірталас турнирлері, дөңгелек үстелдер, спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Кәсіпорындарда еңбек ардагерлері мен үздік қызметкерлер марапатталады. «Туымыз төрімізде» акциясы аясында барлық елдімекендерде Мемлекеттік Ту ілінді. Әлеуметтік желілерде «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық челленджі басталды. Қазірдің өзінде 100- ден астам бейнеролик жарияланды, – деді Нұрлан Бикенов.
Мерекеге орай аймақта ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жалғасуда. Онда өнімдер тұрғындарға нарық бағасынан төмен құнмен ұсынылады. Ауылдық елді мекендерде жаңа медициналық нысандардың ашылуы жоспарланған. Шет ауданының Мойынты кенті тұрғындарына жабық футбол стадионы сыйға тартылады. Ал Нұра ауданында дәрігерлерге қызметтік пәтер кілттері табыс етіледі.
Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Төлеубеков Республика күнінің қарсаңында облыстың қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтетінін мәлімдеді.
– 19-30 қазан аралығында Республика күніне орай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері облыстың 14 қала және кентінде өткізіледі. Жәрмеңкеге 7 ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары мен өңдеу кәсіпорындары өнімдерін белгіленген кесте бойынша жеткізеді. Жалпы, жәрмеңкелерде 600 тоннадан астам өнімді, соның ішінде, 110 тоннадан астам ет, 300 тоннаға тарта картоп, 96 тонна көкөніс, 30 тоннадан астам сүт, 27 тонна шұжық өнімдері, 12 тонна балық, 335 мың данадан астам жұмыртқа және 36 тоннаға тарта басқа да өнімдерді сату жоспарлануда. Өнімдер, өңірімізде қалыптасқан орташа нарықтық деңгейден 15-20%-ға арзан бағада сатылуын жергілікті әкімдіктер қадағалайды, – деді Әнуар Төлеубеков.
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбай мәдени іс-шараларға тоқталды.
– Қарағанды облысында Республика күніне арналған онкүндік басталды. 20 қазанда Теміртау қаласында патриоттық ән байқауы мен музейлік квест өтеді. Ал, 21 қазанда облыстық балалар кітапханасында әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылады. 20-23 қазан аралығында «Сарыжайлау» кинотеатрында тақырыптық бейнероликтер көрсетіледі. 25 қазанда Теміртауда балалар мен жасөспірімдер театры спектакльдер қояды. 26 қазанда арнайы форматтағы мәдени кештер өтеді. Басты іс-шара – 24 қазанда сағат 16:00-де С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтетін салтанатты жиын. Концертте еліміздің тарихи жолы мен бірлік идеясы көрініс табады. Бағдарламада театрландырылған қойылымдар, патриоттық әндер мен би назарға ұсынылады. Концертке Ренат Ғайсин, Секен Тұрысбеков, «Алашұлы» тобы, Рухия Байдүкенова, Ербол Тәжібаев, Айгерім Бекетаева және Ғалымжан Нұрмұхамед қатысады. Мерекелік шаралар барлық санаттағы тұрғындарға, соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді форматта өткізіледі, – деді Ғалымжан Өтелбай.
Республика күні сағат 11:00-де қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында ел Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Ту көтеріледі.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы