БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМДАРЫ – ӨЗГЕРІСТІҢ БАСТАУЫ

Қарағанды облысында «AMANAT» партиясының 40 мың шамасында мүшесі бар. Бұл азаматтарға түрлі бағдарламаларды жүйелі түсіндіріп, саяси реформаларға қатысты көзқарастарын қалып тастыруда бастауыш партия ұйымдары жетекшілерінің ролі маңызды. Осы орайда партияның Қарағанды облыстық филиалында бастауыш партия ұйымдарының белсенділеріне арналған оқыту бағдарламасы өтті. 

Бағдарлама бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіруді, көшбасшылық құзыреттерді дамытуды және халықпен өзара әрекеттесудің тиімді тәжірибелерін енгізуді көздейді.

Қазіргі уақытта партияның 40 мың мүшесінің басын облыстағы 244 бастауыш ұйым біріктіріп отыр. Бұл ұйымдар жан-жақты қызмет көрсетеді. Яғни қаржылық сауаттылықты арттырудан бастап, экологиялық акцияларға және қарт адамдарға жүйелі көмек көрсетуге дейінгі кең ауқымды әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырады.

Қаржылық сауаттылықты арттыру туралы айтсақ, мәселен, азаматтарды жеке қаржыларын тиімді басқаруға үйретуге бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы жұмыс істеп тұр. Ал аумақтарды абаттандыру, жасыл желекті ұлғайту бойынша «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы тұрақты түрде жемісін беріп келеді. Бұдан бөлек, қарияларға қамқорлық тұрғысынан келсек, зейнеткерлерге тұрақты атаулы көмек көрсетуге және қарттар үйлеріне қамқорлық жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Бағдарламаға партия белсенділері қатысты. Олар үшін оқу барысы тәжірибе алмасатын тиімді алаңға айналды. «Қарызсыз қоғам» жобасының ұйымдастырушылары оның іске асырылу әдістемесін жан-жақты таныстырды. «Таза бейсенбі» акциясының қатысушылары тұрғындарды тазалық пен көгалдандыруға тартудың тәсілдерімен бөлісті. Ал зейнеткерлермен жұмыс істейтін бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жергілікті жерде тиімділігін дәлелдеген қолдау форматтары туралы баяндады.

Біз әрдайым өзімізге қарасты ауданда зейнеткерлермен кездесулер өткіземіз, жалғызбасты қарияларға көмектесеміз. Осы оқыту барысында «Қарызсыз қоғам» жобасымен таныстық және оны өзімізде енгізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай тәжірибе алмасу біздің жұмысымыздың ауқымын кеңейтіп, халыққа көбірек пайда әкелуге мүмкіндік береді, — деді Бұқар жырау ауданының бастауыш партия ұйымының белсендісі Жанұзақ Макишев.

Бағдарламаға облыстың барлық қалалары мен аудандарынан 300-ден астам адам қатысты. Оқыту барысында талқыланған әдістемелер келешекте ұйымдар жұмысына жан-жақты енгізіледі. Осылайша бағдарлама аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізбек.

Манас АҚСАРЫ