Осыдан бір ай бұрын Қазақстан Республикасының Жалпыұлттық Социал-Демократиялық партиясы (ЖСДП) алдағы келе жатқан еліміздің басты мерекесі – Республика күніне орай және «Таза Қазақстан» республикалық қозғалысы аясында 18 қазан күні Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентіне қарасты Жаман-Сарысу өзенінің бойына ағаш отырғызу акциясын өткізу туралы үндеу тастаған болатын.
Баршамызға мәлім болғандай, Мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын отандастарымыз қызу қолдап, азаматтық жауапкершілікпен атсалысып, еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі әрі қарқынды түрде біршама жұмыстар атқаруда. Мұндай шаралар халқымыздың экологиялық мәдениетін арттыруға, табиғатты қорғауға және жасыл аймақтарды көбейтуге бағытталған маңызды қадам.
Өткізіліп отырған шараның басты мақсаты: отырғызылған ағаштар қыста қар ұстап, көктемде өзенге су жиналуына себеп болады; жерді эррозиядан қорғайды; жасыл аймақ құрып, ауаны тазартады. Бір сөзбен айтқанда, келешек ұрпақтың болашағына және ел экологиясына қосқан үлес болып табылады.
Сол себептен саяси партияның бастамасын Шет ауданы және Ақадыр кентінің әкімдіктері, кент тұрғындары жылы қабылдады. Алдын-ала ұйымдастыру шаралары жүргізіліп, көшеттер әкелініп, тал отырғызу үшін арнайы шұңқырлар, қол күректері мен қолғаптар, су таситын арнайы көліктер дайындалды.
Акцияны Ақадыр кентінің маңайында өткізу жайында ұсынысты ақадырлық жерлесіміз, партияның Астана қаласындағы филиалының төрағасы Омаров Талғат Табысбайұлы берген екен. Жерлесіміздің партияластары бірауыздан қолдаған. Оның айғағы ретінде Социал-Демократиялық партиясы Орталық аппаратының қызметкерлерінің, Мәжіліс Парламентіндегі партия фракциясының және партия мүшелерінің, еріктілердің қатысуларын айтуға болады.
Айтулы шарада сонымен бірге партияның Қарағанды облысындағы филиалының төрағасы Аубакиров Нұрлан Какимұлы, партия мүшелері мен еріктілері қатысты.
Жалпы алғанда Астана және Қарағанды қалаларынан 50-ге тарта адамдар келді.
Оның үстіне Ақадыр кентіндегі мекеме, кәсіпорындардан қатысқан 100 адамды қосып қойыңыздар.
Игілікті шараның салтанатты түрде ашылуында Шет ауданы әкімінің орынбасары Кәрсембаев Дәурен Құралұлы, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары – партияның фракция мүшелері Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, Сағандықова Ажар Бақытқызы, Сайлаубай Наурыз Саятұлы, ЖСДП Орталық аппаратының жетекшісі Насибулов Мақсұт Бейбітұлы өздерінің құттықтау сөздерін арнап, акцияның жоғары деңгейде өтуіне тілектерін жеткізді.
Өз кезектерінде шараны ұйымдастыруда көзге түсе білген бір топ азаматтарға аудан әкімінің және партия басшысының алғыс хаттары табысталды.
Соңынан Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының әншілері Айзада Рыспекова, Дана Данабекова, Айбота Қалабаева, Алмаз Қайрат құйқылжыта ән салып, шараға қатысушылардың көңіл-күйлерін жадырата білді.
Ашылу салтанатынан кейін жиналған қауым акцияның басты бөлігі – ағаш егу рәсіміне бет алды. Қарағаш талын егетін учаскенің ұзындығы 1 мың метрге созылып, 9 межеге бөлінген екен. Бекітілген ұйымдар мен мекемелер көшеттерді отырғызып, соңынан цистерналы екі автокөлік су құйып отырды. Бас-аяғы екі сағаттың ішінде 1 мың көшет өмір сүруге бастауын алды.
Шараны ұйымдастырушылардың бірі, Астана қаласынан келген Талғат Табысбайұлы:
– Бүгінгі біздің отырғызған әрбір түп ағаш – болашақтың тынысы,
табиғаттың сәні. Отырғызылған көшеттеріміз – біздің елге, жерге, табиғатқа деген махаббатымыздың белгісі. Өзімнің туған ауылыма келіп, балалық шағымда суына түсіп, Жаман-Сарысу өзенінің бойына қорғаныш ретінде орман белдеуін қалыптастыруға үлес қосқаным үшін ризалығымды білдіремін. Біз бүгін тек ағаш емес, үміт пен болашағымызды ектік. Табиғатты қорғауға бағытталған тағы бір игі қадам жасадық. Партиямыздың атынан бүгінгі шараға қатысқан барлық ақадырлықтарға зор алғысымызды білдіреміз. Осындай шараларымыз көп болсын! Таза табиғат, таза ой, таза Қазақстан үшін бірге болайық! – деп тебірене сөзін аяқтады.
Тал егу рәсімінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, партиялас әріптестері, екі қаланың еріктілері (волонтерлер), аудан әкімінің орынбасары, Шет ауданы мәслихатының депутаты Есжанова Несіпкүл Тасханқызы, кент әкімі Қойшыбаев Мерей Жасұланұлы мен оның аппаратының мамандары, ардагерлер кеңесінің төрағасы Алпысбаев Серік Алпысбайұлы, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сейітов Нұрлан Ахмедияұлы, мектептердің мұғалімдері мен оқушылары, балабақшалар ұжымдары, теміржол мекемелерінің қызметкерлері мен жұмысшылары, тағы басқалары қатысты.
Шара барысында байқағаным, оны ұйымдастырған адамдарының үлкен жауапкершілікпен келгені. Көшеттерді отырғызатын жерлерді, керекті күрек жарақтарды, суару, басқа да қажетті мәселелерді шеберлікпен дайындаған. «Жас келсе іске» дегендей биылғы жылы кент әкімінің тұрғын үй, коммуналдық бөліміне басшы болып келген Есімғалиев Әнуар Орынбайұлының ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екені анық болды.
Қуантарлық жағдай, сонымен бірге елді мекенімізден шара өтетін жер 15 шақырым қашықтықта орналасқандықтан акцияға қатысатын ауыл тұрғындарын тасымалдау үшін кент әкімдігі мекемелердің басшыларымен өзара келісімге келіп, арнайы көліктерін пайдаланды. Ал енді, бір топ жекеменшік такси иелері өздерінің жеке еркімен адамдарды тегін жеткізіп отырды.
Жасалған істің соңында акцияға қатысушылардың барлығы арнайы тігілген екі киіз үйге келіп, жеке кәсіпкер Серікова Мейраш Рақытқызының жуырда ашқан «Дәмді» кафесінің дайындаған бір қазан палауы мен кент әкімдігі ұсынған бір қазан еттен ауыз тиді. Меймандар қою қара шайдан дәм татып, сусындарын қандырды.
Астана, Қарағанды қаласынан келген қонақтар өткізілген акцияға көңілдері толып, ризалықпен жолға аттанды.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Журналистер одағының мүшесі.