ТЫНЫШТЫҚ КҮЗЕТІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАР

Облыстағы құқықбұзушылықпен, қылмыспен күресуге үкіметтік емес ұйымдар да белсенді атсалысып келеді. Яғни бұл мақсатта қоғамдық ұйымдар өкілдері полицейлермен бірге күш біріктіріп отыр. Бұл жаңа бастама «2025 жыл – құқық бұзушылықтың алдын алу» бағдарламасын, Қоғамдық қауіпсіздік тұжырымдамасын және «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

Бастаманы өмірге енгізу мақсатында Қарағанды облысының полиция департаментінің басшылығы пәтер иелері кооперативі және мүлік иелерінің бірлестігі төрағаларымен кездесті. Кездесуде құқық бұзушылықтарға қарсы күресте әріптестікті нығайту және бірлесіп әрекет етудің тиімді стратегияларын әзірлеу мәселесі қаралды.

  • ПИК және МИБ төрағалары – өз аумақтарында болып жатқан оқиғалар туралы әрдайым біліп отыратын, қоғамдық қауіпсіздік жүйесіндегі негізгі буындар. Біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Ақпаратпен уақтылы алмасу және үйлестірілген іс-әрекеттер – құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтарды қорғауды қамтамасыз етеді, – дейді облыстың полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Сондай-ақ жергілікті полиция қызметі және киберқылмысқа қарсы күрес басқармалары қоғам өкілдерімен өзара іс-қимылды кеңейтуге ынта білдіріп отыр. Бұл орайда әрбір азаматтың қырағылық танытқаны және қолда бар ақпаратты дер кезінде тиісті органдарға хабарлағаны маңызды. Мәселен, қоғам белсенділерінің ақпараты «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында абаттандыру және тазалықты сақтау шараларын қамтамасыз етуге көмегін тигізетіні анық. Абаттандыру ережелерінің сақталуын бақылауды күшейту және қоқыс тастау мен вандализм фактілерінің жолын кесуде қосымша күшке айналатыны анық.  Заңсыз автотұрақтар мәселесі мен қараусыз қалған құрылыстардағы құқықбұзушылықты болдырмауда да кооператив төрағаларының қосар үлесі зор болмақ.

Қоғамдық тәртіппен қатар, ауыр қылмыстардың да алдын алуға қоғамдық ұйымдар пәрменді ықпал етіп отыр. Мәселен, осы мақсатта есірткіге қарсы күрес бойынша кеңес құрылды. Бұл – өңірдегі есірткі қылмысына қарсы күреспен алдын алу жұмыстарын жүргізетін алғашқы орган. Кеңес нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте полиция мен азаматтық қоғам арасында белсенді өзара іс-қимылды жолға қоюды көздейді.

Кеңес биылғы жылдың қаңтар айында басталған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасының жалғасы ретінде құрылды. Министрліктің орталық аппаратында үкіметтік емес ұйымдармен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданып, бұл бастаманы елімізге танымал әрі құрметті азаматтар қолдаған болатын.

  • Біздің қала мен облыс азаматтарымызды қорғауға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған идеяларды ілгерілетуден шет қалған емес. Кеңес мүшелері абырой-беделдерін, тәжірибелерін ортақ іске – нашақорлық қатерінен болашақты қорғауға шынайы үлес қосуға жұмсауға тиіс, – дейді полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Кеңес құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, сондай-ақ медиа тұлғалар мен танымал спортшылар кірді. Бұл мәселеге кешенді әрі тиімді түрде қарауға мүмкіндік береді дейді кеңес мүшелері.

  • Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымы – тұлғаны күйрететін, ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін аса күрделі әлеуметтік мәселе. Біз тек ақпараттандырумен шектелмей, халық арасында жаңа қоғамдық сана қалыптастыруымыз керек. Болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін әрқайсымыз жауаптымыз, – дейді осы кеңес мүшесі, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.

Жалпы, кеңестің құрылуы – есірткі қылмысына қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстың аясында ерекше маңызға ие. Биылғы жылдың І тоқсанында облыс полицейлері синтетикалық есірткі өндіретін зертхананы жойды. Сондай-ақ үш фитозертхананың жұмысы тоқтатылып, өңірге есірткі жеткізетін үш ірі арна жабылды. Бұдан бөлек синтетикалық есірткі өндіріп, таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, бес есірткі зертханасының негізгі ұйымдастырушысы мен оның сыбайластары ұсталып, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі анықталды. Сонымен қатар заңсыз айналымнан 600 келі есірткі құралдары мен прекурсорлар, оның ішінде 92 келі синтетикалық заттар тәркіленді. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, қоғам белсенділерінің қосқан үлесі зор болып отыр.

Қоғамдық ұйымдар өкілдері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше еңбек сіңіріп отыр. Осы орайда Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Негмет Исмагулов қоғамдық тәртіпті нығайтуға белсене қатысқан қарағандылық еріктілер қозғалыстары мен үкіметтік емес ұйымдардың белсенді мүшелері азаматтарға ризашылығын білдірді.

  • Бүгінде қоғамдық қауіпсіздік – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біздің тұрғындар өз белсенділігімен үлкен көмек көрсетіп отыр. Әрқайсысына шын жүректен алғыс айтамын. Біздің басты мақсатымыз – құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы халықпен бірлескен жұмысымыз нақты нәтижелер беріп жатыр. Қоғам белсенділігі – тәртіп пен қауіпсіздіктің сенімді тірегі, – дейді Негмет Исмагулов.

Бұл бастама 2024-2028 жылдарға арналған Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасының аясында жүзеге асып отыр. Қазіргі уақытта облыс аумағында 194 құқық қорғау бағыты бар қоғамдық құрылым жұмыс істейді, олардың құрамында 579 белсенді азамат бар. Бұл қатарда пәтер иелері кооперативтері төрағалары, үй және подъезд үлкендері, Ішкі істер министрлігінің ардагерлері және өз қоғамының тыныштығына бей-жай қарамайтын азаматтар бар.
2025 жылдың басынан бері қоғам белсенділерінің қатысуымен 74-тен астам қылмыс ашылып, 624-тен астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар қылмыстың алдын алу мақсатында 39 бірлескен іс-шара өткізіліп, оған 4 мыңнан астам адам қамтылды.
Әрине, полицейлер қоғамдық ұйымдар өкілдеріне белсенділіктері үшін дән риза. Бірнеше мәрте кездесу өткізіп, алғысхаттар табыстаы. Мәселен, биыл полициямен тығыз ынтымақтастық орнатқан 165 азамат арнайы марапаттарға ие болды. Оның ішінде 21 азамат – Құрмет грамотасымен, 16 азамат Алғыс хатпен марапатталса, 128 белсендіге ақшалай сыйақы табысталды.

Шынтуайтында, қоғамдық қауіпсіздік — тек полицияның ғана емес, осы қалада, өңірде тұрып жатқан халықтың ортақ жауапкершілігіндегі міндет. Сондықтан қоғамдық ұйымдар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелерімен қатар қарапайым қатардағы тұрғындарды да бұл іске белсене араласқаны керек. Аталған бағыттағы жұмыс Қарағанды облысында табыспен жүзеге асып жатыр.

Манас АҚСАРЫ