XXI ғасыр — технологиялар ғасыры. Бұл дәуірде жасанды интеллект (ЖИ) – адам өмірінің барлық салаларына еніп, дамудың жаңа деңгейін айқындайтын басты құралдардың бірі болып отыр. ЖИ жүйелерін тиімді пайдалану мен түсіну үшін тілдік кедергілерді еңсеру аса маңызды. Осы тұрғыда ағылшын тілі — ЖИ-мен жұмыс істеуде басты кілттердің бірі.
Ағылшын тілі – ЖИ-нің әмбебап тілі
Бүгінде ЖИ технологияларының басым бөлігі ағылшын тілінде жасалады. Негізгі ғылыми мақала, зерттеу, бағдарламалау тілі, құжаттамалар және техникалық нұсқаулықтардың басым бөлігі дәл осы тілде жазылады.
ChatGPT, Google Bard, Claude сияқты алдыңғы қатарлы ЖИ үлгілерінің бастапқы тілінің ағылшын тілінде болуы – осының айғағы.
Ағылшын тілін білу:
- ЖИ құралдарын еркін пайдалануға мүмкіндік береді: көптеген ЖИ интерфейстері ағылшын тілінде жұмыс істейді. Ағылшынша сауатты сұрақ қою арқылы жоғары сапалы жауап алуға болады.
- Ғылыми және техникалық контентке қолжетімділікті арттырады: ЖИ бойынша жетекші зерттеулердің көпшілігі ағылшын тілінде жарияланады.
- Бағдарламалау мен техникалық дағдыларды жетілдіреді: Python, JavaScript сияқты бағдарламалау тілдерінің синтаксисі ағылшынға негізделген, әрі ЖИ жүйелерін құруда кеңінен қолданылады.
ЖИ-мен тиімді қарым-қатынас құралы ретінде
Жасанды интеллект тілдік модельдер негізінде жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – ЖИ-мен дұрыс, нақты әрі түсінікті тілде байланыс орната білу – оның сапалы әрі релевантты жауап беруіне әсер етеді. Ағылшын тілі ЖИ-дің «ана тілі» болғандықтан, ағылшынша сұраныстар, тапсырмалар мен диалогтар әлдеқайда нәтижелі болады.
Мысалы, ChatGPT-ге ағылшынша қойылған сұрақ көбіне қазақша немесе басқа тілде қойылған сұраққа қарағанда нақтырақ әрі кеңірек жауап беруі мүмкін. Бұл – ЖИ-дің үйренген мәліметтерінің көпшілігі ағылшын тілінде болғанының нәтижесі.
Қазақстандағы ағылшын тілінің рөлі
Қазақстанда ЖИ технологиялары мен ІТ саласы қарқынды дамып келеді. Осы үрдісте ағылшын тілін меңгеру – болашақ мамандар үшін үлкен артықшылық. Мектепте, ЖОО-да ағылшын тіліне басымдық берілуі – осы жаһандық талаптарға бейімделудің бір көрінісі.
Сонымен қатар, жастар арасында ЖИ құралдарын үйрену, IT стартаптар құру, онлайн курстар өту (мысалы, Coursera, edX, Udemy) сынды әрекеттер ағылшын тілінсіз мүмкін емес десе де болады.
Жасанды интеллект – болашақтың емес, бүгіннің шындығы. Онымен тиімді жұмыс істей білу әр адамның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл жолда ағылшын тілін меңгеру жай ғана артықшылық емес, қажеттілік. Ағылшын тілі – ЖИ әлеміне ашылатын есік, ал ол есікті ертерек ашқан адам, болашаққа бір қадам алда деп есептеуге болады.
Малика Отыншиева,
студент