БІР АУДАННАН ҚОС ЧЕМПИОН

Кеше ғана Бахрейн елінің Манама қаласында жасөспірімдер арасында ІІІ Азиялық ойындары мәресіне жетті. Құрылығымызда төрт жылда бір ұйымдастырылып отыратын үлкен шараға Қазақстан елінің, оның ішінде Қарағанды облысының спортшылары қатысты.

Күрестің дзюдо түрінен айтулы додаға Ақадыр кентінің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің (басшысы Жанасылов Біржан Сейсенбайұлы) балуандары қатысып үлкен жеңістерге жетті. Ақадырлық Еркен Бекали 66 келі салмақта алдына жан салмаса, аталған мектептің Ақжал кентіндегі филиалының балуаны Алтай Айша 70 келі салмақта жеңімпаз атанды. Чемпиондық тәжін киген спортшыларымыздың жеке бапкерлері Омаров Ерсайын Жамантайұлы мен әкелі-балалы Манабаев Болат Хамитұлы және Манабаев Дастан Болатұлы.

Ақтық сында Бекали ауғандық дзюдошыдан басым түссе, Айша өзбек қызына есесін жібермеді.

1 қарашада алтыннан алқа таққан жерлесіміз Еркен Бекали туған ауылы Ақадыр кентіне келді. №44 Алматы-Қостанай жолаушылар пойызынан оны және жаттықтырушысы Омаров Ерсайынды кенттің ақсақалдары, туған-туыстары, дос-жарандары, кент тұрғындары құшақ жая қарсы алды. Ең алдымен кент әкімі М.Ж.Қойшыбаев құттықтау сөздерін арнап, Алғысхаты мен ақшалай сертификатын табыс етті. Спорт мектебінің директоры Б.С.Жанасылов, балуанның әкесі Ж.Е.Серікбаев тағы басқа туысқандары құттықтаулары мен сый-сияпаттарын жеткізіп жатты. Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының қызметкері Дана Данабекова әннен шашу шашты.

Чемпиондарымызды жеңістерімен құттықтап, бұдан да биіктерден көрейік!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті