Түркістан қаласында ересектер арасындағы қазақ күресінен Азия чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада 11 елден келген 110 үздік балуан бақ сынады. Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінің тумасы Ерқанат Молдағұлов алғаш рет мұндай деңгейдегі жарысқа қатысып, 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды.
Алтынға апарар жолда Ерқанат төрт белдесу өткізді: алғашқы айналымда өзбекстандық спортшыны, екіншісінде – үнді балуанды, үшіншісінде – қырғыз қарсыласын тізе бүктірді. Ал финалда ирандық балуанмен күш сынасып, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Ерқанаттың айтуынша, чемпионатқа дайындық барынша қарқынды болған. Дегенмен табандылық пен бапкерлердің қолдауы оның жоғары нәтиже көрсетуіне жол ашқан.
– Бұл чемпионат мен үшін ерекше маңызға ие. Себебі мен алғаш рет Азия біріншілігіне қатыстым. Қазақстанның намысын абыроймен қорғағаныма қуаныштымын. Бұл – менің үлкен мақсаттарымның бірі еді, және оған қол жеткізгеніме шын мәнінде бақыттымын. Біз бапкерлермен тыңғылықты дайындалдық. Әр белдесу өз алдына қиын болды, бірақ мен сенім мен үмітті ақтауға тырыстым, – деді Ерқанат Молдағұлов.
Спортшыны додаға бапкерлері – Мәқсәт және Бекзат Ахметбековтер, Абай Үмітбаев пен Ерлан Саитов дайындаған.
Өмір БАЙБОСЫН
