Азия ойындарында рекорд орнатты

Қарағандылық спортшылар Бахрейннің Манама қаласында өткен ІІІ Жасөспірімдер Азия ойындарында тарихи нәтижеге қол жеткізді. Олар рекордтық медаль санын жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына қомақты үлес қосты.

Биылғы ойындарда еліміздің намысын 20 спорт түрінен сынға түскен 220 спортшы қорғады. Жалпы додаға 45 елден 8 мыңнан астам атлет қатысты.

Қарағандылықтар барлығы сегіз медаль иеленді, оның төртеуі – алтын. Алғашқы жетістіктерді жеңіл атлеттер әкелді: Вероника Елисеева балға лақтыруда қола медаль еншілесе,

Аида Ақылбекова 3 000 метрге жүгіруден үшінші орынға табан тіреді.  Дзюдо жарысында 66 келіге дейінгі салмақта Еркен Бекәлі Азия чемпионы атанса, 70 келіге дейінгі санатта Айша Алтай қарсыластарынан басым түсті. Бокс алаңында да қарағандылық спортшылар жоғары нәтиже көрсетті. Шахтинск қаласынан шыққан апалы-сіңлілі Аяулым мен Камила Оспанова екеуі де алтын медаль жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.

Бұдан өзге, басқа да спорт түрлерінде жүлдегерлер анықталды: джиу-джитсудан Балтағазы Ілияс қола медаль иеленсе, дзюдодан Әділжан Жәудінов күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ