Бала – адамның бауыр еті, өмір қуанышы. Бүгінгі таңда елімізде бөбекжайларда тәрбиеленуші балалардың сапалы тәрбиесі үшін мемлекет тарапынан бар жағдайлар жасалынуда. Шуағын шашқан тамаша өмірге келген дені сау жас ұрпақ, әрбір отбасының ертеңгі келешегі, ғұмырының жалғасы.
-Көмірлі қаламыздың ортасында орналасқан «Гаухар» деп аталатын бөбекжай екі қабатты ғимаратта орналасқан. Бүлдіршіндер мемлекеттік бағдарлама бойынша білім мен тәрбие алады. Жас ерекшеліктеріне қарай бөлінген топтағы балалар үшін арнайы жабдықталған бөлмелер мен ойын алаңдары, медициналық кабинет бар. Үш уақыт санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес тамақтанады. Бөбекжай басшысы Жанат Маратқызы Тлегенова мен әдіскер Бақытгүл Айтқазықызы «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, өсіп келе жатқан жас баланың бойына сәби кезінен бастап адамгершілік пен ізгіліктің дәнін сеуіп, оның келешекте рухани бай адам болып өсуіне ерекше көңіл бөлінеді. Ойын баласы деп аталатын бүлдіршіндердің дене бітімдері дұрыс қалыптасып, ақыл-ойы жетілген саналы болып, жақсы өсіп шығуына бөбекжай көп әсер беретіндігін айтады.
-Балалардың айқын сөйлей білуі үшін тақпақтар мен әртүрлі ойындар ойнатылады. Музыка сабағында, музыка маманы Жаннұр Қуатқызы балаларға ән айтқызып, би билеуге үйретеді. Бөбекжайдағы басты қағида «Бар жақсылық балаларға» деп аталады, ұжымның әрбір мүшесі осы қағиданы басшылыққа алып жұмыс атқаруда. Сонымен бірге «Әжелер мектебі» жұмыс атқарады. Оның жетекшілері Дана Райымбекова мен Дариға Жетібайқызы, ал «Аналар мектебінің» мүшелері Дария Ержанқызы мен Несіпгүл Тілегенқызы арнайы жоспармен жұмыстар атқаруда. Тәрбиешілер бүлдіршіндерді тұлға ретінде дамытып, әлеуметтік ортаға бейімдеп жетілдіреді. Туған жерін, тілі мен ділін сүюге де осы ортада үйренеді. Сондықтан да педагог тәрбиешілердің күнделікті атқаратын жұмыстарының жүгі ауыр. Бөбекжай педагогтарынан кәсіби біліктілік, ізденімпаздық пен қоса шығармашылық қасиеттер де талап етіледі – дейді бізбен сұхбатында, жоғары білімді, тәжірибелі кәсіби маман, педагог Дана Асхатқызы Райымбекова.
Әрбір атаулы мерекелерге орай, атап айтсақ Қарттар күніне «Қарттарым алтын қазынам», Республика күніне «Жұлдыз» мектепалды топ бүлдіршіндері «Елімнің ертеңгі иесі біз» деп аталатын ертеңгілік өткізді. Бөбекжай қабырғасында баланың қамқорлыққа бөленіп, жылы көзқарасты сезінуі алғы шарт. Үлкен жүректі асыл азаматтар осындай мейірімділік шуағына бөленіп өскен балалардан қалыптасады. Ата-ана мен бала арасында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Топтарда ертегілер ұйымдастырылып балалар ертегілермен танысады. Ересектер тобы ертегілерді сахналайды. Дәстүрден тыс сурет салу өнеріне икемделеді. Өз заманының бақытты, батыл ұрпағы болып өсуі үшін, жаңаша оймен, жылы мейіріммен, ыстық ықыласпен үлкен жұмыс атқарып жатқан ұжым қызметкерлеріне шығармашылық табыстар тілейміз.
Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Қарағанды қаласы.
