ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚОҒАМҒА ПАЙДАСЫ ЗОР

 Қоғамдағы түрлі түйткілдердің түйінін тарқатуда қоғамдық ұйымдардың көмегі зор. Бұл ұйымдар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халық тұрмысын жақсартуға елеулі үлес қосып келеді. Сондықтан Қарағанды облысында қоғамдық ұйымдардың қызметі ерекше жоғары бағаланады. Әсіресе тұрғындардың осал топтарымен жұмысты үйлестіруде, олардың мәселелерін шешуде маңызды роль атқарып отыр.  Бұл өз кезегінде мұндай ұйымдардың жұмыс сапасын жақсарта беруге міндеттейді.

Биыл Қарағанды Ten Qogam әлеуметтік бейімделу орталығы жұмысын қайта бастады. Бұл орталық кәмелет жасына толған мүмкіндігі шектеулі жандарға ақпараттық және ресурстық қызмет көрсетеді. Орталық үш жылдан бері жұмыс істейді. Яғни олардың қоғамға, еңбек ортасына бейімделуіне қажетті жағдай жасайды. Бұл мақсатта бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі. Орталық қызметкерлері мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету және құқықтық көмек көрсетумен айналысады. Нияз Сүндетәлиевтің айтуынша, мекеме “бір терезе” қағидаты бойынша қызмет көрсетеді.

  • Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл жерге өзінің проблемасымен келген мүмкіндігі шектеулі адамның шешім қабылдауына көмектесеміз. Біз жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен, қалалық және облыстық әкімдіктермен, Еңбек ұтқырлығы орталығымен тікелей әріптестік орнаттық, – дейді Нияз Сүндетәлиев.

Бұл орталық мүмкіндігі шектеулі жандардың ұсынысымен құрылған. Яғни олар өмірде кездесетін түрлі жағдайлар кезінде көмек ала алады. Нияз Сүндетәлиев те мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан олардың проблемасын өте жақсы сезінеді. Сондықтан ол осы ұйымды құруға ұйытқы болды.

Қарағанды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары қоғамдық бірлестік қызметі мүгедек жандарға өте қажет. Себебі олар тиісті мекемелермен жедел байланыс орнатуға, мәселесін тез шешуге көмектеседі.

  • Бұл жоба мемлекеттік органдар мен мүгедектігі бар адамдардың проблемасын шешуде алтын көпірге, таптырмас құралға айналды. Болашақта бұл жоба бұдан да жақсы нәтижелер көрсетеді деп ойлаймын, – дейді Қарағанды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Бақытнұр Тәліпова.

Сондай-ақ орталықтың психолог мамандары келгендердің қабілеттерін ашуға, олардың қолынан келетін кәсібін, машығын анықтауға жәрдемдеседі. Жаңа жұмыс орнын тауып, оған орналасқан соң бейімделу процесін оңай өткеруге қол ұшын созады. Ол үшін келушімен жеке кездесіп, арнайы жұмыс жүргізеді.

Алдағы уақытта облыстың қалалары мен аудандарында осындай орталықтар құру көзделіп отыр.

Сонымен қатар облыста мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесі жан-жақты қарастырылған. Жақында аймақта инклюзивті жұмыс орындары ашылды. Мәселен, Қарағандыдағы тігін цехында бірнеше адам еңбек етіп жүр. Есту қабілеті нашар тігінші Лидия Гонкина бір жылдан бері тігінші болып еңбек етіп келеді. Ол бұған дейін қаладағы шағын ательелердің бірінде жұмыс істеген. Алайда мұндай ұйымдардың бәрі тапсырыспен қызмет көрсететіні белгілі. Сондықтан тапсырысты бітірген соң қол қусырып отыруға тура келеді. Тиісінше табысы да аз.

  • Жұмысым тоқтап қалғанда мансап орталығына бардым. Маған қалада және Майқұдықта жұмыс орны ұсынылды. Мен Пришахтиснкіде тұрғандықтан осы ауданна орын тауып беруді сұрадым. Олар көмектесіп, қазір табыс тауып отырмын. Ұжым жақсы. Бір-бірімізге көмектесіп, қол ұшын созып тұрады. Тіпті қыздар менімен амандасып, бірге шәй ішу үшін ыммен сөйлесуді де үйреніп алды, – дейді тігінші Лидия.

Бұл цех арнайы киім тігеді. Кәсіпорын бұған дейін де мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдаған. Цех ғимаратында мүгедектігі бар қызметкерлерге қолаулы, қауіпсіз болуы үшін сыртқы және ішкі құлақтандыру жабдығы, сандық табло мен «ақылды» қол сағаттар орнатылған. Кәсіпкерлік жақында тағы бір мүмкіндігі шектеулі адамға арналған жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысының еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұрлан Сыздықовтың айтуынша, кәсіпорындар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алуға ниетті. Оларды ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс берушілерге субсидия төлеп отыр.

  • Былтыр Еңбек ұтқырлығы орталығы екі бағыт бойынша 13 арнайы жұмыс орнын құрды. Биыл мүгедектігі бар адамдарды үш санат бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұлар есту, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппаратында проблемалары бар адамдар. Жұмыс берушінің басты міндеті – ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлерге қолайлы жағдай жасау. Ал мемлекет өз тарапынан оларға қолдау көрсетеді, – дейді Нұрлан Сыздықов.

Мемлекет жұмыс беруші арнайы жұмыс орнын жабдықтау үшін, құрылғыларды сатып алып, орнатуы үшін кеткен шығындарын өтеп береді. Сондай-ақ, мемлекет мүгедектігі бар адамдар жалақысының бір бөлігін төлейді. Субсидия ай сайын үш жыл бойы төленеді. Яғни  алғашқы жылы жалақының 70 пайызын төлейді. Бірақ оның мөлшері 30 АЕК-тен аспайға тіс. Ал екінші жылы – жалақының 65 пайызы, үшінші жылы 60 пайызы өтеледі.

Бүгінде кәсіпкерлерден 11 жұмыс орнын ұйымдастыруға бес өтінім түсті. Олардың бір бөлігі мақұлданды. Нақты айтқанда, Қарағанды қаласында пластикалық терезе орнататын кәсіпорын – алты жұмыс орнын, Саранда коммуналдық мекеме – бір түптеуші орнын ұсынды. Сондай-ақ Абай ауданында есту қабілеті нашар адамдарға буып-түю орны ашылды. Бұдан бөлек Қарағандыда тірек-қимыл аппараты проблемалары бар адамдарға арналған маркетинг жөніндегі менеджердің жұмыс орны құрылды.

Қазір облыста 55 мың мүгедек адам бар. Олардың 32 мыңнан астамы еңбекке жарамды жаста. Бүгінгі таңда бұл жандардың үштен бірі өз бетінше немесе мансаптық орталықтардың көмегімен жұмысқа орналасты. Мансап орталықтарына 1200 мүмкіндігі шектеулі жан жүгінді. Орталықтар мамандарының тынымсыз жұмысының арқасында олардың 700-і түрлі бағдарламалар мен бағыттар бойынша еңбек етіп жүр.

Сондай-ақ балқаштық қоғамдық ұйымдар жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға белсене араласып отыр. Биыл бұлардың саны тағы біреуге артты. Қалада «JasSpace» жастар зияткерлік-спорттық орталығы ашылды.

Жобаға «Сары Казна» ЖШС және «Медная компания Коунрад» ЖШС демеушілік көрсетті. Яғни ғимарат құрылысына«Коунрад» қорының құрылтайшылары демеушілік жасап, 216 млн теңге қаржы бөлді.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың айтуынша, ғимаратта балқаштық жастар елімізде жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жайлы мағлұмат ала алды. Түрлі кеңестерге қатысып, спортпен шұғылдана алады.

  • «Коунрад» қоры 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындарын қызықтыратын «JasSpace» жастар зияткерлік-спорттық орталығын құру бойынша ауқымды жобаны аяқтап отыр. Жоба аясында үй-жайларды толық қайта құру, оның ішінде күрделі жөндеу және тамаша әрлеу, сонымен қатар қасбетті жаңарту жұмыстары жүргізілді. Орталықты толық жабдықтау үшін барлық қажетті құрылыс материалдары, заманауи жиһаздар, құрал-жабдықтар мен спорттық жабдықтар сатып алынды. Бұл орталық Президент тапсырмасына сәйкес, өңірімізде жастар саясаты туралы заңды іске асыру, жастардың рухани-мәдени әлеуетін көтеру және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылып отыр, – деді Сапар Сатаев.

Орталықта киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, спорт зал, компьютерлік сынып, STEAM білім беру алаңы талапқа сай орналастырылған. Сонымен қоса, шахмат, ұлттық зияткерлік ойындар алаңы, көрмелер алаңы, бейне және дыбыс жазу студиясы, баспасөз орталығы, OpenSpace жұмыс және байланыс аймағы бар.

Манас АҚСАРЫ.