Барлық балаға тең мүмкіндік

Қарағандыда «Тең мүмкіндіктер» атты балаларға арналған инклюзивті спорттық фестиваль өтті. Шараны  «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырды.

№19 мектептің спорт залы бұл күні достық пен қуаныш ордасына айналып, Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларынан келген командаларды біріктірді. Барлығы 78 оқушы  спорттық сайыстарға қатысып, өз шеберліктерін паш етті.

Балалар бочча ойынында бақ сынап, түрлі эстафеталарда күш сынасты. Әрбір дәл тасталған доп, әрбір сәтті мәреге жету – шынайы қуаныш пен өзара қолдау сәтіне айналды. Фестиваль алаңында мейірім мен достық рухы сезіліп тұрды.

– Мемлекет барлық балаға тең мүмкіндік береді. Барлығыңызға жеңіс пен жаңа достар табуды тілеймін! – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жарысқа қатысушыларға арнаған сөзінде.

– Мұндай спорттық мерекелер балаларды ортақ мақсатқа біріктіріп, жаңа достыққа жол ашады. Біз фестивальді дәстүрлі түрде өткізіп, алдағы уақытта өңірлік деңгейде жарыстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деді облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов.

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

«Тең мүмкіндіктер» фестивалі Қарағанды өңірінде осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отыр.

— Бұл тек жарыс емес, бұл — мейірім мен бірліктің мерекесі. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар осындай шаралар арқылы өзіне деген сенімділігін арттырып, үлкен ұжымның бір бөлігі екенін сезінеді. Біз осы фестиваль арқылы қоғамға бәріміздің тең екенімізді көрсеткіміз келеді, — деді облыстық мәслихат депутаты, партияның әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева.

Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Ал барлық қатысушылар үшін ең қымбат сыйлық — жаңа достар мен жарқын әсерлер болды.

Әділ Бек