Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласын дамыту жөніндегі кеңесте әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарды жарықтандыру мәселесін шешуді тапсырды. Қала әкімі Мейрам Кожухов биылғы жылы бір мың жарықтандыру тірегін орнату жоспарда бар екенін айтты.
– Биылға өзіміз үшін мақсат қойып отырмыз – бір мың жарық тірегін орнату. Мектептерге, ауруханаларға, әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіреберістерінің барлығына. Қала орталығы жарықтандырылды, шалғайдағы көшелерге кірісеміз, – деді қала әкімі.
Мейрам Кожухов облыс орталығын одан әрі абаттандыру туралы да айтты.
Бұқар жырау даңғылындағы тротуарларды қайта жаңарту жалғасады. Ыңғайлы жаяу жүргіншілер аймағы Назарбаев даңғылында да жабдықтала бастайды.
Оңтүстік-Шығыста Сарыарқа гүлзары мен Алаш аллеясының құрылысы жоспарлануда. Әлихан Бөкейхан ауданында: Сталелитейная көшесінде, Байжанов атындағы көшеде – ЖБИ ауданында, Күзембаев атындағы, «Ғасыр» ауданында, сондай-ақ Пришахтинск ауданындағы №32 мектептің алдында гүлзарлар жабдықталады.
Сәулет көшесінде жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Жаңа Майқұдық МҮ алдындағы аумақ абаттандырылады. Болашақта Әлихан Бөкейханға ескерткіш орнатылады.
Биыл Станиславский театрының алдындағы алаңды ретке келтіру басталады.
Жобада баспалдақтар мен тіреу қабырғаларын реконструкциялау, демалыс аймақтарын жайластыру, аялдама павильонын ауыстыру көзделген.
Сондай-ақ, Аппақ Байжанов ескерткішінің алдындағы алаң абаттандырылады.
Жеңіс саябағында тәжік-ауған шекарасындағы әскери қимылдарының ардагерлеріне арналған естелік белгі орнатылады.