Жаңа маусым басталды

Қарағанды облысында балалар футболының дамуы жаңа кезеңге қадам басты. Облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) және Қазақстанның әуесқой футбол лигасының (ҚӘФЛ) Қарағанды филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат тараптардың серіктестігін бекітіп, жаңа жобаның – Freedom Balalar Futbol Ligasy (Freedom BFL) – ресми басталуына жол ашты. Енді бұл лига өңірдегі балалар мен жасөспірімдер командалары арасындағы ресми облыстық біріншілік мәртебесіне ие болды.

– Біз бірлесе отырып балалар футболын және лиганы жаңа деңгейге көтереміз. Қазір облыста 150-ден астам әуесқой команда ойнайды, Freedom Holding Corp. қолдауымен футбол академиясының құрылысы жүріп жатыр, жаңа алаңдар мен жобалар іске асуда. Бірлесе отырып өңіріміздің спорттық әлеуетін одан әрі арттыратынымызға сенімдімін, – деді облыстық спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.

Жаңа лигада 128 команда және 2000-нан астам жас футболшы бақ сынайды. Ойындар төрт алаңда өтеді – «Аманат», Amanat Arena, Nomad Arena және Саран қаласында. Әр жас санатына арнап жеке форматтар әзірленген, ал демалыс күндері бір мезетте 64 матчқа дейін өткізу жоспарланған.

Енді жарыстар ресми облыстық біріншілік ретінде тіркеліп, нәтижелері ресми статистикаға енгізілетін болады. Жас спортшыларға спорттық разрядтар алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар біріңғай күнтізбе, регламент және электронды хаттамалар енгізілді.

– Бұған дейін чемпионатты өзіміз ұйымдастырып келдік. Енді ол ресми жүйеге енді, бұл ойыншылар үшін жаңа мүмкіндік пен даму баспалдағы, – деді ҚӘФЛ Қарағанды филиалының төрағасы Мейрам Серіков.

Облыстық футбол қауымдастығының бас хатшысы Талғат Қаржаубаев бұл бастама жаңа турнир құруды емес, бұрыннан өткізіліп келген чемпионатты федерация аясында біріктіруді көздейтінін атап өтті.

– Біз лиганы жаңа деңгейге шығарып отырмыз: ұйымдастыру сапасы, төрелік ету жүйесі және инфрақұрылым жақсаруда. Енді балалар тұрақты, жақсы ұйымдастырылған турнирлерде ойнауға мүмкіндік алады, – деді ол.

Меморандумға қол қою рәсімі Серік Сәпиев, Максим Раков, Андрей Самохин және спорт ұйымдарының өкілдері қатысқан шоуматчпен қорытындыланды.

Осылайша Қарағанды облысында Freedom BFL лигасы жаңа маусымы басталды.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ