ЖЕРЛЕСТЕРІМІЗДІҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІСТЕРІ

Биылғы жылы кентіміздің спортшылары әлемдік, Азиялық, республикалық біріншіліктерге, жарыстарға қатысып қана қоймай, жерлестерін үлкен жеңістерімен қуантып жүргені баршамызға аян. Олардың арасында балалар да, ересектерде де, ардагер шеберлер де бар. Спорт түрлері де әртүрлі. Атап айтсақ дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ ойыны, пауэрлифтинг, күрестің дзюдо, самбо, жауынгерлік самбо, шағын футбол түрлері.

Қараша айының басында Қырғызстан елінің астанасы Бишкек қаласында жауынгерлік самбодан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Төлеухан Ниетхан 71 келі салмақта барлық қарсыластарынан басым түсіп жеңімпаз атанды. Жерлесіміз қазіргі кезде Қарағанды қаласында тұрып жатса да кентіміздің Ә.Ермеков атындағы тіректі (ресурстық орталығы) мектебінде оқыған, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің күрес секциясында дайындалып шыңдалған. Жаттықтырушылары Жанасылов Бақытхан Сейсенбайұлы мен Омаров Қайрат Елтайұлы.

Ал енді өткен аптаның соңында шағын футболдан Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткізілген республикалық «Аlash cup» турнирінде өздерінің жас топтардында Ақадыр кентінің балалар және жасөспірімдер мектебінің 2013 және 2014 жылдары туған екі командасы да барлық қарсыластарын жеңіп чемпиондар атанды. Аталған додаға Шымкент қаласының «Ордабасы» клубының академиясы, Тараз, Түркістан қалаларының, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды облыстарының және Түркістан облысының бірнеше қалалары мен аудандарының командалары қатысты. Екі топта да 20 командадан күштерін сынасты.

2014 жылы туған жасөспірімдер арасында жерлесіміз Қуанышбек Инаят қарсыластарының қақпасына 16 гол салып  «Үздік шабуылшы» атанса, 2013 жылы туған топтың жас футболшылары Сәрсенбеков Асылхан «Үздік ойыншы», Талғатұлы Ернар  «Үздік қорғаушы» болып танылды. Командалық жеңімпаздар және жекелеген спортшыларымыз кубоктармен, медальдармен, бағалы сыйлықтармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Жас аяқдопшыларымызды спорт мектебінің жаттықтырушылары Қасен Айбатыр мен Ахмедия Ернұр дайындайды.

Спортшыларымызды үлкен жеңістерімен құттықтайық!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті