Қарағанды облысының қатысушылары Астанада өткен республикалық «Тең мүмкіндіктер» спорт фестивалінде жоғары нәтижелерге қол жеткізді: бочче бойынша екінші және үшінші орындарды иеленіп, жеңіл атлетикада қыздар арасында бірінші орынды жеңіп алды.
Фестиваль «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Әйелдер қанаты бастамасымен Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін ашу және инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ету.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева ерекше балалардың жігері мен табандылығын жоғары бағалап, олардың жетістігі барша қоғамға үлгі екенін атап өтті.
«Бүгін біз ерекше балалардың талпынысы мен табандылығын танытып, өз мүмкіндігін дәлелдеген сәтіне куә болдық. Бұл фестиваль – әр балаға сенім мен шабыт сыйлаған мереке. Осындай бастамалар қоғамдағы мейірім мен қамқорлықты арттырып, инклюзия мәдениетін нығайтады. «AMANAT» партиясы алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра бермек», – деді депутат.
Фестиваль қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар және арнайы сыйлықтар табысталды. Қатысушылар мен олардың ата-аналары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, бұл фестивальдің ерекше балалардың болашағына деген сенімін арттырғанын айтты.
Айта кетейік, ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау – «AMANAT» партиясының басты басымдықтарының бірі. Партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 16,9 мың баланы қамтитын 1,8 мың инклюзия кабинеті және 5,5 мың баланы қамтитын 688 бейімделген спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар Мәжілістегі партия фракциясының депутаттары бастамасымен тұрғын үй заңнамасына I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедек балалары бар отбасыларға баспананы бірінші кезекте алу құқығын бекітетін нормалар енгізілді. Халық қалаулыларының қолдауымен жоғары оқу орындарына мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қабылдау квотасы 1 пайыздан 2 пайызға дейін ұлғайтылды.
Биыл ауқымды шараға еліміздің түкпір-түкпірінен шамамен 500 бала қатысты, олардың қатарында Қарағанды облысының 36 өрені болды.
Фестиваль бағдарламасына бочче ойыны, жеңіл атлетика жарыстары және эстафета енгізілген. Командалар үш адамнан жасақталып, әр топтың құрамында ерекше қажеттіліктері бар бір бала болды.
– Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – балалардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау, – дейді «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім берудің аймақтық ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Какетаев. – Қазір облысымызда бочче спорты белсенді дамып келеді, балалар осы бағыттағы жарыстарға екінші жыл қатарынан қатысып жүр. Көпшілігі өзара жақсы араласып, достасып кетті. Бұл үрдіс тек балалардың ғана емес, ата-аналардың да бір-бірімен байланысын нығайтады. Мұның бәрі олардың психоэмоционалдық жағдайына және денсаулығына оң әсерін тигізеді.
– Біз ерекше балалардың әлеуметтенуіне, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамытуға бағытталған жобаларды қолдауды жалғастырамыз. Жуырда ғана «Жұлдызай» шығармашылық фестивалі аяқталды, онда да біздің тәрбиеленушілер өз дарынын таныта білді, – деп атап өтті Асхат Какетаев.
Әділ БЕК
