Онлайн-алаяқтыққа қарсы күрес

Интернет пен цифрландыру дамыған сайын онлайн-алаяқтық та белең алып отыр. Профилактикалық шаралардың жүргізілуіне қарамастан, Қарағанды облысында киберқылмыс құрбанына айналатындар азаймай тұр. Аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында облыстық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтармен күрестің тиімді әдістерін ортаға салды.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, қылмыскерлер қолданатын тәсілдер күннен-күнге түрленіп барады: бірде өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, дербес деректерді алуға тырысса, енді бірде «жоғары табыс әкелетін инвестиция» ұсынады, немесе азаматтардың сенімін пайдаланып, фишингтік сілтемелер арқылы құрсауына түсіреді.

Октябрь аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Меллятовтың мәлімдеуінше, былтыр Ұлттық банк іске қосқан қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары арасындағы дерек алмасу платформасы — алаяқтықтың жолын кесудің пәрменді тетігі. Антифрод-орталық күмәнді транзакцияларды нақты уақыт режимінде анықтап, бұғаттайды, алаяқтыққа қатысты бірыңғай дерекқор қалыптастырады және ел бойынша «қара» және «сұр» тізімдер арқылы жедел тоқтату шараларын қамтамасыз етеді.

– Екінші деңгейлі банктер түскен ақпаратты қылмыстық қудалау органдарына жолдайды. Тексеру нәтижесінде әрекеттің алаяқтар тарапынан жасалғаны дәлелденсе, қаржы иесіне қайтарылады. Бүгінде шамамен 35 миллион теңге өтелді, өзге материалдар бойынша да жұмыс жүріп жатыр. Алаяқтардың жаңа әдістері шыққан сайын, біз де қарсы әрекет етудің қосымша жолдарын қарастырамыз, – деді полиция подполковнигі Арман Меллятов.

Басқарма мамандарының айтуынша, киберқауіпсіздікті күшейту бағытында технологиялық шешімдер де енгізілген. Фишингтік ресурстарды анықтайтын кибербақылау жүйесі арқылы биылдың өзінде 7 мыңнан астам жалған сайт бұғатталған. Сонымен бірге, шетелдік нөмірлерден жасалатын қоңырауларды тіркеп, бірден бұғаттайтын арнайы кол-орталық жұмыс істейді.

– Азаматтарға арналған негізгі кеңестер өзгермейді: күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді енгізбес бұрын сайттың шынайылығын тексеру керек. Полиция немесе банк қызметкерлері телефон арқылы несие рәсімдеуді ешқашан талап етпейді, – деп атап өтті Михайлов полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Айбек Алпысбаев.

Қырағылық, сақтық және кез келген қаржылық ақпараттың дұрыстығын тексеру – интернет-алаяқтардан қорғанудың ең сенімді жолы.

Әділ БЕК