Жемқорлыққа қарсымыз!

Қарағанды облысының Азаматтық альянсы ғимаратында облыстық  мәдениет басқармасы мен «Қазақстанның азаматтары» қоғамдық бірлестігі  ұйымдастырған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды.

Салтанатты шарада шығармашылық топтар мен жекелеген қатысушылар еңбегінің нәтижесі қорытындыланып, үздіктерге және қатысушыларға диплом, алғыс хат және естелік сыйлықтар табысталды.

Жиында марапаттарды қазылар алқасының мүшелері – Қарағанды  облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас маманы Шолпан Жұмабаева мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық пулдың мүшесі Алтынай Сүлейменова табыс етті.

Шара барысында қатысушылар байқауда жүлдегер атанған бейнероликтерді тамашалап, олардың идеялық мазмұны мен әлеуметтік маңыздылығына ерекше мән берді.

Қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен роликтер әділқазылар тарапынан да, көрермендер тарапынан да жоғары бағаланды.

Байқау нәтижесі бойынша жеңімпаздар төмендегідей анықталды:

III орын – Мұқашев  Айдар мен Косыгина Ольга (Теміртау қалалық балалар мен жасөспірімдер театры);

II орын – Әубәкір  Айсұлу Ерғалиқызы, Серікқазы Сұлтанғазы Нұрғазыұлы, Аманқұлқызы Жұлдыз (Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі);

I орын – Ізбасаров  Асылжан Әділханұлы (Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры);

Гран-при – Корниенко Надежда Владленовна мен Тойболдина Айман Нұрлановна (Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры және Облыстық халық шығармашылығы мен бос уақытты өткізудің ғылыми-әдістемелік орталығы).

Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға қоғамдағы адалдық қағидатын нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірілді. Шығармашылық ізденіс пен азаматтық ұстанымның үйлесімі бұл байқаудың басты ерекшелігі болды.

Жұлдыз АМАНҚҰЛҚЫЗЫ,

студент