Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс

Қарағанды облысы өнеркәсіп саласында тек шикізатқа емес, ғылымға да сүйеніп, жаңа технологияларды белсенді енгізуде. Инвестициялық жобалар саны артып, экспорттық әлеует күшейіп келеді.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысының орынбасары Әлібек Молдакәрімов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыста экспортталатын инновациялық өнім үлесі ұлттық көрсеткіштің 25%-ын құрайды. Өңірде коммерцияландыру орталықтары құрылып, бизнес-инкубаторлар жұмыс істейді, кәсіпорындар жергілікті университеттер мен ғылыми институттардың әзірлемелерін енгізуге қолдау алады. Мемлекеттік бағдарлама гранттар, субсидиялар, жеңілдетілген несие, өнімді сертификаттау шығындарын өтеу және халықаралық көрмелерге қатысу арқылы көмектеседі.

«Ғылым – өндіріс» байланысын нығайту мақсатында облыста ғылым мен технологиялар кеңесі және «Картех» аймақтық хабы құрылды. Хаб қолданбалы әзірлемелерді дамытуға, жаңа жобалар мен стартаптарды қолдауға бағытталған. Қазан айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық технологиялық лабораторияларға қолжетімділік беріп, инженерлік жабдықтармен қамтамасыз етеді.

– Хаб жас зерттеушілер мен жаңашылдарды біріктіріп, олардың технологиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуына жағдай жасайды. Тау-кен ісі, көмірхимия, экология және басқа да салалар бойынша зерттеу жүргізуге арналған лаборатория құрылып жатыр. Сарапшылармен тұрақты кездесулер ұйымдастырылады, – деп атап өтті Әлібек Молдакәрімов.

Өңір кәсіпорындарымен бірлескен салалық хакатондар өткізу жоспарланған. өндірісте үздік шешімдер енгізіледі, бұл кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Өңірдегі іскерлік белсенділік те артып келеді. Он айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар 4%-ға өскен. Қазір 120 инвестициялық жоба бар, олардың жүзеге асуы шамамен 20 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Инвестициялық ағымды жеделдету үшін «Сарыарқа» ЕЭА, Saran индустриалды аймағы және үш шағын өнеркәсіптік аймақ құрылып жатыр. 2030 жылға дейінгі жобалар базасына жүк көліктері, жылу оқшаулағыш материалдар мен клинкер плитка өндірісі енгізілген.

Инвесторлармен жұмыс «бір терезе» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл жобаларды барлық кезеңдерде жедел сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау жалғасуда: Біртұтас бағдарлама аясында 91 жоба қаржыландырылып, 96 жоба «Өрлеу» жеңілдетілген несиесін, 73 жоба Кепілдік қорының қолдауын алды. Нәтижесінде өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны 102 мыңға жетті.