Қайтарылған активтер қайда жұмсалады?

Қайтарылған активтердің қаражатын шоғырландыратын Арнайы мемлекеттік қорға Балқаш әуежайын қайта жаңғырту үшін 945 млн теңге бөлінді. Бұл туралы ақпарат primeminister.kz сайтында жарияланды.

Мәлімделгендей, бұл қаржы Мемлекет басшысының өңірлік көлік хабтарын дамыту және әуе қатынасының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді.

«Нысанды реконструкциялау жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартып, әуе айлағының негізгі параметрлерін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жағдай жасайды. Әуежайдың өткізу қабілеті 30%-дан аса өседі. Бүгінде қомақты жұмыс көлемі орындалды. Атап айтқанда, әуежайдың негізгі ғимараты мен қосалқы нысандардың шатырын жабу, терезелерді орнату, кәріз және негізгі су құбыры желілерін жүргізу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ кәріз-сорғы станциясы, блокты-комплекті трансформаторлық қосалқы станция, желдету және жылыту жүйелері орнатылды», – делінген хабарламада.

Қазір әуежайды қамтамасыз етуге қажет алғашқы кезектегі арнайы техника сатып алынуда. Өздігінен жүретін трап, аэродромдық өрт сөндіру көлігі және жанармай тасымалдау машинасы сатып алынды.

Үкіметтің мәліметінше, Президенттің Жолдауы аясында елімізде авиациялық инфрақұрылымды дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.