Қарағандыдағы Н.В.Гоголь атындағы кітапханада Батырлар күніне арналған «Батырлар мұрасы және жас ұрпақ» атты әскери-патриоттық шара өтті.
Батырлар күні жыл сайын 15 қарашада аталып өтеді. Бұл күн Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орайластырылған. Осы күнге орай жыл сайын әскери-патриоттық бағыттағы шаралар – кездесулер, дөңгелек үстелдер, атыс сайыстары және басқа да шаралар ұйымдастырылады.
Академик Темірғали Көкетай атындағы ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығы 8 әскери-патриоттық күнді әзірлеп, оларды белсенді түрде насихаттап келеді.
Олардың қатарында Батырлар күні, Жігіттер күні, Сарбаздар күні, Сардарлар күні, Бауыржан Момышұлы күні, Жауынгерлік ұран күні, Ер Абылай және Аңырақай шайқасындағы жеңіс күні, сондай-ақ Отан қорғаушы қыздар күні бар. Осы күндердің негізінде кең ауқымды әскери-патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарлануда.
Бұл күндердің бір бөлігі өңірде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, Жоғары политехникалық колледж базасында жыл сайын Батырлар күні аталып өтсе, Ә.Сағынов атындағы политехникалық университеттің әскери кафедрасында – Сарбаздар күні, ал 31775 әскери бөлімінде – Ер Абылай және Аңырақай шайқасындағы жеңіс күні өтеді. Өткен жылы осы әскери бөлімде Батырлар күніне орай «Батырлар аллеясы» ашылып, Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына арналған стелла орнатылды.
Сондай-ақ әскери-патриоттық күндер аясында Қарағандыдағы әскери кафедраларға экскурсиялар, ардагерлермен кездесулер, ғылыми-танымдық конференциялар, мергендік сайыстары және басқа да тәрбиелік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Әділ БЕК
