Қараша айының 17-23 күндері аралығында еліміздің оңтүстік астанасы – Алматы қаласында көптеген түркі елінің, оның ішінде төртмыңжылдық тарихы бар өзіміздің ұлттық ойынымызға айналған Тоғызқұмалақ ойынынан үлкен дода өтті десек артық айтқандығымыз емес. Өйткені, бұл жерде осы ойыннан жасөспірімдер арасында (мектеп оқушылары U-15, U-17 классика онлайн, офлайн, рапид, блиц) ІІ әлем чемпионаты, Азия біріншілігі де ұйымдастырылып өткізілді. Әлемдік жарысқа 21 елден 200-ден аса адам қатысса, VII Азия чемпионатына 12 мемлекеттің командасының өкілдері қатысты.
Еліміздің намысын қорғауға кентіміздің Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің 4 тоғызқұмалақшысы барды. U-15 мектеп оқушылары арасындағы әлем біріншілігінде Мұздыбаева Нұрай Мұратқызы блиц турнирде қола жүлдеге қол жеткізсе, Азия біріншілігінде (U-14) классика түрінен Қожанәсіп Балғын Азаматқызы қарсыластарының бәрін басым түсіп, алтын медаль иегері атанды. Балғын чемпиондық тәжімен қатар Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады.
Сенбі күні теміржол вокзалынан жеңімпаздарды ауыл ақсақалдары, кент жастары, мектеп оқушылары, туған-туыстары салтанатты түрде қарсы алды. Жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сейітов Н.А., еңбек ардагері Бекқожин Қ.Қ., Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанасылов Б.С. өздерінің құттықтау сөздерін арнап, алдағы уақытта спортшыларға үлкен жеңістерге жете беруіне тілектерін білдірді.
Екі спортшымызды да спорт мектебінің ұстаздары, әлем, Азия және республикамыздың бірнеше дүркін чемпиондары, Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, ағалы-қарындасты Қожанәсіп Асылхан мен Аңсаған жаттықтырады.
Кентімізде тоғызқұмалақ ойыны одан сайын дамып, жерлес қыздарымызды бұдан да биік тұғырлардан көрейік!
Қ.БЕКҚОЖИН,
Ақадыр кенті
