Қазақстан Республикасы Отандастар қорының қолдауымен Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласындағы Низами атындағы Өзбекстан Ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақстан Республикасының Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия Университеті арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Бұл құжат екі ел жоғары оқу орындарының өзара тәжірибе алмасуын, ғылыми-зерттеу саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, академиялық ұтқырлықты және инновациялық бағыттағы жаңа бастамаларды дамытуға жол ашады.
Келісімнің негізгі мақсаты – жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беру жүйелерінің тиімділігін арттыру, жаңа технологияларға негізделген оқу үдерісін жетілдіру, ғылыми қызметкерлер, докторанттар, магистранттар мен студенттер арасындағы халықаралық тәжірибе алмасуды кеңейту. Ташкент қаласындағы Низами атындағы Өзбекстан Ұлттық педагогикалық университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі проректор Дилноза Холмуродова тараптар бірлескен конференциялар, симпозиумдар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізуге, ғылыми жарияланымдар даярлауға және халықаралық ғылыми гранттарға қатысуға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, ҚР Отандастар қорының өкілдері Қадыр Данияров пен білім саласындағы орынбасар Дидар Болаттың еңбегі орасан зор.
Аталған келісім аясында 25 қараша мен 5 қыркүйек аралығында маңызды шаралар жүзеге асырылды. Бұл шараға Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығының білім және ғылым меңгерушісі, сондай-ақ «Жастарға білім беру және олардың тәлім-тәрбиесі бойынша» бөлімше басшысы және ғылым бөлімі меңгерушісінің орынбасары Клара Садирбаева арнайы қатысып, белсенді үлес қосты. Оның қатысуы халықаралық байланыстарды күшейтуге, мәдени-гуманитарлық серіктестікті тереңдетуге және жастардың білім алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етті.
Сонымен қатар Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия Университетінен 16 магистрант онлайн және офлайн форматта кәсіби стажировкадан өтті. Білім алушылар екі университет арасындағы тікелей әріптестіктің нәтижесінде ғылыми-әдістемелік және практикалық тәжірибелерін жетілдірді. Бұл үдерістің ұйымдастырылуына педагогика ғылымдарының докторы, «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылым» кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Каирбекова Багжанат Дындарбекқызы үлкен үлес қосты. Ол магистранттардың ғылыми әлеуетін көтеруге, зерттеу жүргізу дағдыларын дамытуға және халықаралық стандарттарға сай білім алуына жағдай жасады.
Келісім шарт тараптардың еріктілік, ашықтық және тең құқылық принциптеріне негізделген. Тараптар бір-бірінің имиджін немесе символикасын коммерциялық мақсатта пайдаланбайтынын, барлық ақпараттың құпиялылығы сақталатынын және барлық бірлескен шаралар заңнамаға сай жүзеге асырылатынын атап өтті. Сонымен бірге, ғылыми-зерттеу жобаларын қаржыландыру, іссапар шығындарын өтеу және басқа да ұйымдастырушылық шарттар қосымша келісімдер арқылы нақты айқындалады.
Бұл ынтымақтастық екі ел арасындағы ғылыми және білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтеріп, алдағы уақытта да көптеген маңызды жобалардың жүзеге асуына негіз болады деп күтілуде. Екі университет те ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында өзара әрекеттестікті одан әрі нығайтуға ниетті.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
