Бұқар жырау ауданы ұлттық диктантты қолдады

Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің және ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігінің бастамасымен қолға алынған «Ұлттық диктант» жобасы Бұқар жырау ауданынында жалғасын тапты.

Аудан орталығы – Ботақара кентінде Облыстық қазақ тілі және мәдениеті қоғамының ұйытқы болуымен кент тұрғындары диктант жазды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіру мақсатында қолға алынған шараға «Дәурен-ай» ардагерлер хоры, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Мәдениет және тілдер бөлімі қызметкерлері қатысып, мемлекеттік тілге деген құрметтері мен азаматтық жауапкершіліктерін көрсетті.

Диктант мәтіні ретінде ағартушы-ғалым, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» мақаласынан үзінді таңдап алынды.

Диктант мәтінін Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының әдіскері Арайлым Кенжеқызы оқып, қатысушылар жазба жұмысын толық орындады. Облыстық «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Гүлдана Жаркеева қатысып қоғамдық бірлестіктің төрағасы Елеужан Серімов мырзаның мөрі мен қолтаңбасы қойылған алғысхатты Ұлттық диктантты қолдап белсенділік танытқандары үшін Бұқар жырау ауданы Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернат Әбутаев мырзаға және Бұқар жырау ауданы Тілдер бөлімінің басшысы Мейірлан Нұрланұлы мырзаға табыстады.

«Ұлттық диктант» жобасына қолдау көрсеткен барлық қатысушыға алғыс білдіреміз! Ардагерлер одағы ризашылықтарын білдіріп мәз-мейрам болып тарқасты!

Әділ БЕК