Бурабайдағы Ұлттық құрылтай отырысы өңірлер өміріне ерекше серпін берді. Бұл жиында әлеуметтік-экономикалық слалалардың барлығы қамтылды. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жиында аймақтардағы денсаулық сақтау саласының жағдайын жақсартуға ден қойды.
Жиында Мемлекет басшысы медициналық нысандарды жаңғырту туралы айтты. «Бүкіл ел бойынша медицина инфрақұрылымын барынша дамыту жұмыстары жалғасады. Осы жылдың соңына дейін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 188 медицина нысаны салынады», – деді Президент.
Бұл бағытта Қарағанды облысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы өз сөзінде облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев та атап өткен-ді.
– Президенттің ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында осы уақытқа дейін өңірде 92 медициналық нысан салынды. Оның 51-і арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен тұрғызылды, – деді аймақ басшысы.
Техникалық жабдықтауға баса көңіл бөлініп келеді. Биыл 113 санитарлық көлік сатып алынды. Жақын уақытта олар тиісті мекемелерге жеткізілуге тиіс.
Медициналық нысандар салу да айрықша назарда. Теміртауда ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталды. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруын алысқа шапқыламай-ақ, өңірде тексеріп, диагноз қоюға мүмкіндік береді.
Моноқалалар мен аудан орталықтары естен шығарылған жоқ. Қазір кенді қала Балқашта бұрынғы санаторий ғимаратын реабилитациялық орталыққа бейімдеу құрылысы, сондай-ақ көпсалалы аурухананы күрделі жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.
Денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға орталықтың да көмегі көптеп тиіп отыр. Биыл Үкімет арнайы мемлекеттік қордан онкологиялық орталықтың операциялық-реанимациялық блогын жабдықтауға 6,2 млрд. теңге бөлді. Бұл – Қарағанды өңірі үшін өте маңызды жобалардың бірі.
Ауылдардағы медицина саласын көтеруге күш салынып отыр. Оның ішінде кадр тапшылығын жоюға баса мән берілуде. Биыл ауылдық ауруханаларға 67 жас дәрігер жұмысқа келді. Оларға 8,5 млн теңгеге дейінгі көтерме жәрдемақы түрінде қолдау көрсетілді. Жалпы, жастарға берілген қаржыландыру көлемі 419 млн. теңгеге жетті.
Дәрігерлерді қажетті баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ойдағыдай жүріп жатыр. Соның арқасында 2023 жылдан бері медицина қызметкерлеріне 250 пәтер берілді.
Президент құрылтайда білім беру мәселесін де атап өті. Себебі бүгінгі ұрпақ – ертеңгі ел тірегі. Әсіресе оларға білім алу үшін жайлы орта құру қажеттігін тапсырды.
«Үш жылда 1 300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет. Жаңа оқу жылына дейін мемлекеттік және жекеменшік мектептің барлығы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы құралдармен жабдықталуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Биыл облыста алты мектеп салынды. Оның бесеуі – «Келешек мектептері» жобасы бойынша тұрғызылды. Тағы бес мектептің құрылысы қазір жүріп жатыр.
Жалпы, білім беру саласында 265 нысан жөнделді. Бұған 15,3 млрд теңге қаржы жұмсалды. Оның ішінде 33 нысанға – 30 мектеп, 1 балабақша, 1 колледж және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығы күрделі жөндеу жүргізілді.
Ауыл мектептері де ескерусіз қалған жоқ. Қазір 35 ауыл мектебі жаңғыртылып жатыр.
Мектептерді заманауи оқу кабинеттерімен жасақтау жалғаса береді. Биыл 1,1 млрд теңгеге 78 заманауи кабинет сатып алынды. Соның арқасында мектептердің жарақтандырылуы қазіргі заман талабына сай жабдықталуы 85 пайызға жетті.
Мектеп жасына дейінгі тәрбие жұмысы жанданды. Осы жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша облыстық бюджет есебінен 5 жаңа жекеменшік балабақшада 525 қосымша орын ашылды. Сондай-ақ қолданыстағы балабақшалар 522 орынға ұлғайды. Осылайша 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту деңгейі 89,6 пайыздан асты. Ал жыл соңына дейін тағы 3 мекеме ашылып, жұмыс істеп тұрған балабақшаларды 951 орынға кеңейту жоспарланған.
Әрине, ұрпақ тәрбиесі туралы айтқанда спорт пен қосымша білім беруді де ұмытпау қажет. Биыл балалардың қосымша білім беруіне арналған Бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың пилоттық жобасы аясында спорт, мәдениет және білім беру салалары біріктірілді. Соның нәтижесінде 14 мыңға жуық бала бағдарламамен қамтылды. Олар ваучер арқылы спортпен тегін шұғылдану мүмкіндігіне ие болды.
Өңірдегі спорт нысандарымен керек-жарақпен қамтылу деңгейі 67,2 пайызды еңсерді. Бұл Қарағандыда заманауи спорттық кластер құрылып жатқанын көрсетеді. Бүгінгі таңда 72 гектар аумақта UEFA-ның 4-санаттағы стадионы және балалар мен жасөспірімдер спортына арналған бірнеше нысан салынады. Жобаны іске асырудың алғашқы қадамы ретінде инвестор Тимур Турлов салып жатқан футбол академиясын айтуға болады. Жоба құны 12 млрд теңге болып отыр.
Жалпы, облыста барлығы 8 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Бұлардың ішінде ауылдық аймардың үлесі жоғары. Мәселен, қазір Приозерск, Ақтас, Қарағайлы, Көктас, Қушоқы кенттерінде, Қарқаралыда стадион, Саранда спорт кешені мен Ақсу-Аюлыда бассейн тұрғызылу үстінде.
Аталған жобалардың барлығы салауатты ұрпақ тәрбиелеуде үлкен маңғызға ие жобалар. Осылайша өңірде Президент тапсырмасынан бастау алған міндеттер табысты жүзеге асып келеді.
Манас АҚСАРЫ
