«Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері “Қарағанды қаласының тілдерді дамыту орталығы “ ұйымдастырған мемлекеттік тілді оқыту курстары өз мәресіне жетіп, бірқатар әскери қызметшілер А2 деңгейіндегі сертификаттарға ие болды.
Мемлекеттік тілді жүйелі түрде меңгеру – Ұлттық ұлан әскери қызметшілері үшін маңызды бағыттардың бірі. Себебі тіл білу әскери ортада ғана емес, халықпен тығыз жұмыс жүргізуде, құжаттаманы мемлекеттік тілде сауатты жүргізуде және күнделікті қызметтік коммуникацияда үлкен рөл атқарады. Осы мақсатта “Орталық” өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы арнайы оқыту бағдарламасына қатысып, қазақ тілін меңгерудің базалық деңгейінен табысты өтті.
Сертификаттарды салтанатты тапсыру рәсімі Қарағанды қаласының тілдерді дамыту орталығында өтті. Орталық мамандары әскери қызметшілердің жауапкершілігі мен ынтасын атап өтіп, мемлекеттік тілге деген құрмет пен қызығушылықтың жылдан жылға артып келе жатқанын жеткізді.
Өз кезегінде әскери қызметшілер қазақ тілін үйренуге мүмкіндік жасағаны үшін орталыққа және “Орталық” басшылығына алғыстарын білдірді. Олар алынған білімді қызметте де, күнделікті өмірде де тиімді қолдануға ниетті екенін атап өтті.
Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, әскери ортада мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге және кәсіби қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметінің баспасөз қызметі
