Ақ халатты абзал жан

Денсаулық әлемі дегенімізде, жылы жүзді, мейірімді ақ халаты тал бойына жарасқан адамдарды көз алдымызға елестетеміз. Осындай инабатты адамдар бар арамызда. Былтыр күз айында  қолымды  сындырып алдым. Жаңа салынған «Томирис» деп аталатын үйлерге жақын №4 емханаға барып, дәрігердің жолдамасымен уқалап, сипау (массаж) кабинетінде өз мамандығының шебері, тәжірибелі жоғары білікті, кәсіби маман  Жанай Хуғанбаймен таныстым.

Жанай  15 жыл бұрын Монғолия Республикасынан көшіп келген екен. Елге келген соң, Михайловкадағы №1 қалалық емханаға медбике мамандығы бойынша қызметке тұрады. Мекеме директоры Роза Сәбитқызының қамқорлығымен Қарағанды қаласындағы медициналық колледждің «Жалпы тәжірибе бойынша машықтандыру медициналық жұмыстар циклында», «Қазіргі кездегі медбике ісі мәселелері бойынша біліктілігін арттыру» курстарынан  қайта даярлықтан өтеді. «Гигиена, санитария және эпидемиология» мамандығы  бойынша «Санитарлық фельшер» жоғары білікті маман ретінде учаскелік медбике де болып 12 жыл қызмет атқарыпты.

Жанай Хуғанбайдың бойындағы жақсы қасиеті тағы да оқысам, білсем, үйренсем деген жан-жақты өзіне қойған талабын көріп, риза болдым. Осы мақсатпен ізденгіш жас маман, Оқу – емдеу орталығының «Су Джок терапиясы» бойынша және «Санат» республикалық кәсіби даму орталығының «Түрлі шұғыл күйлерде жәрдем көрсету жаттығу әдістері» және «Медициналық этика және коммуникативтік дағдылар» тақырыбы бойынша Сертификаттарын жақсы оқып, меңгеріп алады.

Елбасы сындарлы саясатын жүзеге асыруға атсалысып, аймақтың денсаулық сақтау саласына және ел азаматтарының денсаулығының берік болуына қосқан үлесі үшін ризашылық білдірген «Нұр Отан» партиясының Алғысхатымен марапатталады. Ал «Облыстық фтизиопульмонология орталығы» Денсаулығың мықты ғұмырыңның ұзақ та мағыналы болсын деп, бақыттың баяндысын, дәулет пен ырыстың сыр суындай сарқылмасын, табыс – тартуларың таусылмасын деген тамаша тілек тілеп Мадақтама сыйлаған.

Жанай Хуғанбай Сальвадора Альянды, Улан-Батор (Моңғолия), Астана қалаларында массаж бойынша мейірбикелік жұмыстар циклі деңгейінде біліктілік деңгейінен де өткен. Денсаулық сақтау саласындағы мүлтіксіз адал еңбегімен, саланың дамуына қосқан жеке зор үлесі, кәсіптік жетістіктері үшін талай рет Алғысхат пен Құрмет грамоталарын иеленген ақ халатты абзал жан.

– Біздің ақылымыз ғажайып күшке ие. Ол үшін жүйке жүйесін тыныштандырып, денені емдеу керек. Денсаулық мықты болуы үшін жалқаулықты тастап, адам рухани жағынан мықты болуы қажет. Тек денесінің саулығын ғана ойлаған адам, қанаты қайырылған құс тәрізді. Сол себепті, әрбір адам өзінің іс-әрекетіне бақылау жасап, физикалық және моральдық қажеттіктерін бірдей деңгейде ұстағаны абзал болмақ, – деп ақ халатты жанашыр Жанай өз ойымен де бөліседі.

Сонымен бірге Жанай Хуғанбай мейірімді ана, адал жар, немерелер мен жиендер сүйіп отырған әже, сыйлы құдағи. Ағайын, дос туысқандар арасында бауырмал, беделді. Отбасының шырайы – бала десек, қыз баласы Айнұр Теміртау қаласындағы №9 мектепте ағылшын тілінің мұғалімі. Арғынбек 2 жоғары оқу орынын бітірген білімді азамат. Qarmet-те қызмет атқарады. Сәуленұр Алматы қаласында тұрады. Балалар дәрігері. Кенжелері Мамырбек ЖҚАЖ-да (СОБР) қызмет жасайды.

Жанға жайлы мінезімен, өзіне жарасатын әдемі дауысымен тамылжытып ән де салатын аяулы, осындай көңілі көктем Жанай керей қызымен таныс болғаныма Аллаға ризашылық білдіремін. Нәзік көңілді Жанай, құтты отбасын имандылық жылуы мен жан шуағына бөлеуде. Жапыраған жайған бәйтеректей, баянды бірлігі жарасқан отбасына, Алланың нұры жауып, жақсылықтың қызығын көре беріңіздер деген игі тілек айтамын.

 

Рымтай ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі