Батырға арналған жыр додасы

Еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласында облыс әкімдігі мен «Аманат» партиясының қолдауымен өткен «Тұлпар мініп, ту алған» атты облыстық жыр байқауының ақтық кезеңі өз мәресіне жетті.

Жыр додасы үш айға созылып, екі кезеңде өтті. Оған облысымыздың 13 өңірінен 4 мыңнан астам балалар қатысты.

Аудан – қалалық кезеңде әр өңірден үш оқушы мен олардың ұстаздары жеңіс тұғырынан көрініп, 39 оқушы мен 37 мұғалім облыстық кезеңге жолдама алды. Байқаудың ережесі бойынша «Бөгенбай батыр» жырын жатқа, мүдірмей айтуы талап етілді. Сонымен қатар, қатысушылар жырдағы көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, жас ерекшеліктеріне сай қазақ тілі мен әдебиеті оқулықтары негізінде дайындалған сұрақтарға да жауап берді.

Қазылар алқасының шешімімен І-орынды Шет ауданы, Ақадыр кентінің Ә.Ермеков атындағы тіректі мектебінің оқушысы Әмірханова Раяна жеңіп алып, 1 миллион теңге қаржы және «Қазтұтынуодағы» Қарағанды университетінің білім грантына ие болды. Ал енді, оны байқауға дайындаған ұстазы Ерменбетова Толғанай Болатқызы да 1 миллион теңге сертификаты және «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» тағайындаған жеңіл автокөлігінің иегері атанды.

Екінші орынға Ақтоғай ауданының оқушысы Сәрсенбекқызы Инабат пен оның мұғалімі Теңел Арайлым тұрақтады. Олардың әрқайсысына 500 мың теңгеден сыйақы берілді.

Жүлделі үшінші орын тағы да Ақадыр кентінің Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Өмірғалиева Жанерке мен оның ұстазы Шопанова Жұлдыз Оразалықызына бұйырды. Екеуі де 250 мың теңгенің сертификаттарымен марапатталды.

Байқаудың арнайы сыйлығы да дайындалған болатын. Ол Қарағанды қаласындағы №1 арнайы мектеп-интернатының оқушысы Рзағали Нұрсаяға табысталды. Көру қабілетінің зақымдалуына қарамастан, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында батырдың эпосын жаттап шыққан. Әрине мұндай талпыныс көпке үлгі болу керек. Байқауды ұйымдастырушылардың атынан Нұрсая 300 мың теңге сыйақы алды.

Ғасырлар бойы Тәуелсіздігімізді аңсап, оны жақындату үшін қанын төгіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен елімізді, жерімізді қорғаған бабаларымыздан жеткен мұраларымыз – жыр-дастандарды жатқа айтып, көпшіліктің көңілінен шыға білу бір жағы ұстаздар мен ата-аналардың еселі еңбегі болса, екінші жағынан талай таланттарды түлеткен Арқа өңірінің айрықша қасиеті деп білу керек.

Мыңнан озып шыққан оқушы қыздарымыз бен ұстаздарымызға зор алғысымызды білдіре отыра, алдағы уақытта да толағай табыстар тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті