Өңірге белгілі прозашы Бекзат Алтынбектің «Көкжиек» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Бұл – облыстық әкімдіктің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Жас қаламгер» жобасының шарапаты. Жоба авторы – ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының өкілі Жанат Жаңқашұлы. Кітаптың таныстырылымы Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында өтті.
Кешті есімі елге танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Руслан Нұрбай жүргізді. Руслан Нұрбай кітап авторының шығармашылық өмірбаянына тоқталып, қаламының қуатына аға буын өкілі ретінде жоғары бағасын берді. Ең алдымен Жанат Жаңқашұлы сөз алып, жаңа кітапқа пікірін білдірді.
– Бекзат Алтынбектің шығармашылығымен бұрыннан таныспыз. Ол ізденетін, талмай еңбектенетін қарымды қаламгер ретінде танылып қалды. Сол себепті де жоба аясында алғашқы кітабын басып шығаруды ұйғардық. Тұңғыш кітап жазушы үшін өзінің қуатын, қабілетін толықтай бағамдау үшін ғана қажет деп есептеймін. Біраз уақыт өткеннен кейін осы кітаптағы шығармаларыңа қарап, өз-өзіңді бағалайсың. Екінші кітапқа осыдан алған сабағыңа, түйген ойыңа қарап, кірісесің. Тұңғыш кітаптың құндылығы осында, – деді Жанат Жаңқашұлы.
Бекзат Алтынбектің таланты мен талабын бұрыннан білетін тіл жанашыры, балалар жазушысы Жұпар Жақан осы жобаға ұсынып, кітапқа редакторлық қылды. Жұпар Рысқұлқызы жазушылық әлеуеті жайлы сөз қозғап, шығармашылық табыс тіледі.
Сондай-ақ, шығармашылық кешке белгілі ақындар мен жазушылар да қатысты. Олардың қатарында «Арқа Ақшамы» газетінің бас редакторы, сатирик Әдебиет Белгібайұлы, ақындар Ерік Нарын мен Таңсәуле Әгенқызы, жазушы Ерзат Ермағанбет, педагогика ғылымдарының магистрі, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ аға оқытушысы Құрмет Бажикеев, ақын, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі, облыстық «Сарыарқа» телеарнасының журналисі Қасымхан Ғалым қатысып, ізгі тілектерін білдірді.
Бекзат Алтынбек жазушыдан бөлек, мұғалім, ұстаз. Өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, әдебиетке деген құштарлығын арттыруда. Бұл туралы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназия оқу ісі жөніндегі орынбасары Өмірбаева Дана Мұратқызы тілге тиек етті. «Қазір ақындар көп, алайда жазушы аз екені рас. Соның ішінде мұғалімдер көп болса, жазушы мұғалімдер өте аз. Сол жандардың бірі – Бекзат Жапатайұлы. Оның жазушылығы балаларға қайтқенде оң әсерін береді. Одан тәлім алып жүрген оқушылардың әдебиетке деген ынтасы оянады», – деді. Дана Мұратқызы бастап келген ұжым мектеп директоры атынан алғысхаты мен сыйлығын тапсырды.
Сондай-ақ, аталған мектептің оқушылары Бекзат Алтынбектің әңгімелерінен үзінді оқып, талқылады. Авторға сұрақтарын да қойып үлгерді.
Кітапқа 18 әңгіме енген. 88 беттен тұрады. Бекзат Алтынбек жастайынан көркем әдеби шығармашылықпен шұғылданады.
Бала кезіндегі өлеңге деген әуестік кейін проза жанрында шындап қалам тербеуге жетеледі. 2012 жылы жас прозашылардың арасында өткен Ғ.Мұстафин атындағы облыстық бәйгеде «Нағыз дос туралы аңыз» атты повесі «Жанрлық ізденіс» номинациясында үздік деп танылды. 2013 жылы филология факультетінде Құрбан айтқа орай ұйымдастырылған, 2017 жылы М.Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына арналған Қарағанды қаласының жастары арасындағы проза бәйгелерінің жеңімпазы. Әңгімелері «Тіл және рух», «Қасым», «Үркер», «Тұмар», «Ақ желкен» журналдарында, «Арқа ақшамы», «Орталық Қазақстан», «Жас алаш» газеттерінде, «Қасым», «Әдебиет порталы», «Массагет» сайттарында жарық көрген. 2017 жылы Жұмабек Тәшенев атындағы Қарағанды облысының жастары арасындағы шығармашыл тұлғалар байқауында «Жылдың үздік прозашысы» аталымы бойынша лауреат атанды. 2019 жылы жас прозашылардың «Қазақ пен қала» аталатын республикалық бәйгесінде жүлделі III орынды жеңіп алды. 2021 жылы Ақселеу Сейдімбек атындағы облыстық проза байқауының, 2025 жылы Теміртау қаласының 80 жылдық мерейтойы құрметіне өткізілген бәйгенің жүлдегері. 2024 жылы Қарағанды қаласы мұғалімдерінің арасындағы проза конкурсының жеңімпазы.
Ерік НАРЫН
