Ақадыр кентінде жыл аяқталар тұста әр салада оза шауып, өз мамандығының хас шеберлерін анықтайтын игі дәстүр қалыптасқан. Жылына бір рет өткізілетін бұл тақырыптық бас қосудың басты бағыты – елімізге шынайы қызмет етумен қатар, өз мамандығын жете меңгеріп, еселі еңбегімен үлкен жетістіктерге жеткен маман иелерін дәріптеу және мадақтау болып саналады.
Ең алдымен сахнаға шыққан кент әкімі Қойшыбаев М.Ж. әкімдік тарапынан жыл бойы жасаған жұмыстарына қысқаша тоқталып, кент тұрғындарын Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Соңынан «Үздік маман» иелері атанған аталым иегерлерін марапаттады. Марапатталушылардың ішінде мекеме басшылары да, жекелеген мамандық иелері де болды.
«Кенттің ардақты ақсақалы» Алпысбаев Серік, «Үздік қоғам белсендісі» Сейітов Нұрлан Ахмедияұлы, «Үздік мекеме және мекеме басшысы» Түсіпова Гүлдәрия Әйкенқызы, «Үздік әлеуметтік қызметкер» Торжанова Гүлім Матышқызы, «Спорт жанашыры» Жанасылов Біржан Сейсенбайұлы, «Кент жанашыры» Есжанова Несіпкүл Тасханқызы, «Қоғамдық шараларға белсене қатысқан теміржол басшысы және ұжымы» Ақадыр жол дистанциясы, «Үздік кәсіпкер» Кемалова Әсел Ерболқызы, «Таза Қазақстан акциясына белсене қатысқан мекеме» Ақадыр белгі беру және байланыс дистанциясы, «Үздік медицина қызметкері» Тәуке Гүлғайым, «Мәдениет саласының жанашыры» Бесимов Нұржан Тұрсынұлы, «Үздік мемлекеттік қызметкер» Есімғалиева Райхан Әленқызы, «Үздік тәртіп сақшысы» Дуанбаев Ернат Берікұлы, «Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші ұжым» «Балбөбек» бөбекжайы, «Үздік жылу беру саласының қызметкері» болып Шалғамбеков Азамат танылды. Аталым иелеріне арнайы дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталды.
Кеш барысында елді мекенімізде бір ай бұрын басталған «Duet live Agadyr» мега жобасы да өз мәресіне жетті. Біраз уақыттан бері елді дүрліктерген өнер додасының жеңімпазы болып Демеу Яхия мен Азаматұлы Абай жеңімпаз атанды. Олар сол күні 3 530 дауыс жинады. Бір қызығы, екінші орынға табан тіреген дуэт олардан 15 дауыс қана кем жинаған. Жеңімпаз атанғандар 150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Яхия теміржол саласындағы «Транстелеком» мекемесінде байланысшы болып еңбек етсе, Абай Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде денешынықтыру пәнінен балаларға сабақ береді.
Кеш көркемөнерпаздардың концертімен жалғасын тауып жатты.
Қ.БЕКҚОЖИН,
Ақадыр кенті
