Жігерлі жанның жеңісті жолы

Қазақта батыр тұлға көп. Бірі жаугершілік заманда қолына найза алып жер мен елді қорғаса, бірі бейбіт заманда от пен судан адамдарды құтқарып ерлік көрсетуде. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз де бүгінгі күннің батыры. Ол – Мейіржан Мейрамұлы. Мейіржан өзінің ерік-жігерінің арқасында көк туымызды спорт жарыстарында желбіретіп жүр.

Туған жер және тамыры

Мейіржан Мейрамұлы 2002 жылдың қазан айында, қазіргі Ұлытау облысының жүрегі – Жезқазған қаласында дүние есігін ашты. Ол – әкесі Елубаев Мейрам мен анасы Әлмұханова Жеңіскүлдің тәңір берген тұңғыш сыйы, әулеттің алғашқы діңгегі. Отбасында өзінен кейінгі қарындасы Аружанға және інілері Ержігіт пен Арынға үлгі, қамқоршы аға.  Ол – әке-шешесінің қолқанаты, қарттықтағы сенімді серігі, әрбір ісімен ата-ананың ақ батасын арқалаған ұл!

Мейіржан  2008-2019 жыл аралығында Шет жалпы білім беретін мектебінде білім алды. Оның дарындылығы мен іскерлігі тек сабақта ғана емес, мектеп қабырғасынан-ақ айқын көрінді. Ол кез келген мектепшілік шараның жаны және белсенді қатысушысы болды.

Спортқа деген ерекше қабілеті оны даралады. Волейбол, жеңіл атлетика, әскери ойындар және әскериленген кросс сынды сайыстарда Мейіржан облыс көлеміндегі бәсекелердің бағын бірнеше мәрте қайтарып, чемпион атанды. Осылайша, ол туған мектебінің спорттық абыройын асқақтатып, талай жеңістің жалауын көтерді.

Оның мінезіндегі асыл қасиеттер мен терең тәрбие ерекше болатын. География пәнінің мұғалімі ретінде мен оған білім берген жылдар ішінде, оның аузынан бірауыз дөрекі сөз шыққанын немесе әдептен озған бір де бір қылығын көрген емеспін. Бұл пікірге бүкіл ұстаздар қауымы бірауыздан қосылып, қолдау білдірері анық.

Ол – үлкенге құрметтің туын биік ұстаған, ізеттілік пен сыпайылықты жанына серік еткен дара шәкірт. Мейіржанның әрбір қадамынан, әрбір сөзінен ата-анасынан алған сапалы тәрбиенің нұры мен мәдениеттіліктің мұраты айқын көрініп тұратын.

Біз Мейіржанның мектеп қабырғасынан бастап бойына сіңірген бір қасиетін еш ұмытпаймыз. Ол ешқашан жарты жолда тоқтамайтын. Оның атқа мініп шабуы, кросс бойынша чемпион атануы, көршілерге қолқабыс жасаудағы тынымсыздығы – бәрі де оның бойындағы табиғи еңбекқорлық пен міндетке адалдықты көрсетеді.

Дәл осы «Еңбекқорлық кодексі» оны қайта аяққа тұрғызды. Оның достыққа адалдығы мен үлкенге құрметі – бақыт пен жеңістің тек қана физикалық мүмкіндікке емес, адамгершілік пен асыл қасиеттерге байланысты екенін дәлелдейді. Ол – Қазақстанның рухын бойына сіңірген, қайта түлеп, жаңа биіктерге ұмтылған нағыз Батыр.

Мейіржанның ерекшеліктерін тек ұстаз ғана емес, іргелес тұрған көршісі ретінде де нақты айта аламын. Үйіміздің арасы жақын болған соң, оның әр тірлігі, әрбір қадамы көз алдымыздан өтті.

Біздің естігеніміз де, көргеніміз де бір. Мейіржанның бос отырып, маужырап ұйықтап жатыр деген сөзін ешқашан естіген емеспіз. Оның табиғаты – тынымсыздықтан жаралғандай. Қашан қарасаңыз да, бір іспен шұғылданып, үнемі қозғалыста, жігері тасып жүретін. Оның бойындағы бұл іскерлік пен тынымсыз қайрат – болашақтағы үлкен жеңістерге апаратын табандылықтың бастауы еді. Еңбекқор болды. Ол тек еңбегімен ғана емес, қолқабыс жасауға дайын тұратын мінезімен де ерекшеленді. Ол әрі ат құлағында ойнайтын шабандоз болды. Досқа адалдығы ерекше. Оның достары көп болатын, ол әрқашан адалдығымен олардың сеніміне ие болды.

Бұл қасиеттер оның кейінгі өмірлік сынақтарға дайын екенін көрсеткендей.

 

Өмір сыны немесе темірдей рух

2019 жылы Мейіржан Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 2024 жылы аталған оқу орнын сәтті аяқтады. 2021-2022 жыл аралығында Мейіржан Үшарал қаласында Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеді. Ол жерде де мектеп қабырғасында сіңірген спорттық шеберлігі мен мамандағының арқасында бірден көзге түсті. Оның дайындығы мен тәртібі жоғары болғандықтан, командирлерінің ықыласына бөленіп,  әскер басшылары ата-анасы мен мектебінің ұстаздарына арнайы алғысхат жолдады.

Бұл – біздің ұстаздық еңбегіміздің жемісі, шәкірттің адалдығының айқын дәлелі деп мақтан тұтамыз.

Әскери борышын ойдағыдай өтеп, туған үйіне аман-есен оралғаннан кейін, дәл осы жылдар Мейіржанның өміріндегі ең ауыр, ең қатыгез сынаққа толы кезеңнің бастауы болды. Бұл сынақ оның темірдей рухын шыңдап, төзімділігін шегіне дейін сынайтын тағдыр төңкерісі еді.

Рухы темірдей,  жігері оттай, төзімі тасқа жазылған тағдырдай болған бұл жас жігіт, ауыр жағдайға тап болып, қос аяғынан айырылса да, еш мойымады.

«Мейіржан» есімінің өзі «Мейірімді жан» дегенді білдірсе, оның тағдыры дәл осы мейірім мен қайсарлықтың тоғысқан жері. Оның басынан өткен сын – бұл кез келген адамның рухын сындыратын жағдай еді. Алайда Мейіржан бұл ауыр сынақты оттың шыңдауынан өткен темірдей қабылдады. Ол қайғыны күшке айналдырды, жетіспеушілікті артықшылыққа ауыстырды.

Мейіржан өмір сынына сынбай, керісінше қайрат пен қайсарлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Оның алға қойған мақсаты мен өмірге деген құлшынысы бұл ауыр сынақтан тек шыңдалып шығуға мүмкіндік берді. Бұл – тек дене күшінің емес, рухани күштің жеңісі!

 

Асқақ арман – Лос-Анджелес

Қазіргі таңда Мейіржан параканоэ және байдарка есу спортынан Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасының мүшесі. Судағы толқынмен алысқан Мейіржан спорттағы екінші тынысын ашып, мынадай жоғары жетістіктерге жетті:

2024 жыл: ҚР Параканоэ ашық кубогінде – 1-орын және 3-орын.

2025 жыл: Параканоэдан Азия чемпионатында – 2-орын және 3-орын.

2025 жыл: ҚР чемпионатында – 1-орын және 2-орын.

Бұл жетістіктер оның жаңа өмірдегі тұрақтылығы мен табандылығының айқын дәлелі.

Оның параканоэ спортын таңдауы да тегін емес. Бұрын ат үстінде желдей ескен жігіт енді судың бетінде өз еркіндігін тапты. Су – тыныштықтың, тазарудың символы. Мейіжан су стихиясымен күресе отырып, өзінің ішкі күшін қайта ашты. Қайықты есу арқылы ол тек суды ғана емес, өз тағдырының ағысын да алға қарай бағыттап келеді.

 

Паралимпиада – басты мақсат

Мейіржанның алға қойған асқақ арманы – 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көріну.

Біз, Шет жалпы білім беретін мектебінің ұжымы және оқушылары, Мейіржанның қайсарлығына бас иіп, оның асқақ армандарына жетуіне тілектеспіз! Оның тағдыры – «ешқашан берілме» деген ұранның дәлелі. Оның ауылдастары, көршілері және ұстаздары мектеп ұжымы, Мейіржанның таза мінезі, адалдығы және жігерлі рухы оны бұл асқақ мақсатына міндетті түрде жеткізетініне сенімдіміз. Оның тағдыры – біздің шәкірттерімізге рух беретін жарқын жол!

Армия Мейіржанның бүгінгі жетістігі – бұл тек қана медальдар мен жеңіс тұғыры ғана емес, бұл оның көздеріндегі өмірге деген өшпес жалын. Ол ешқашан: «Неге мен?» деп сұраған жоқ, керісінше: «Мен не істей аламын?» деген сауалды өмірлік ұстанымына айналдырды.

Оның тағдыры – біздің Сарыарқа даласының мықты мінезін, қазақ халқының қайсар рухын дәлелдеп тұр. Ол өзінің тынымсыз еңбегімен, адал достығымен және ерекше мәдениеттілігімен нағыз азаматтың қандай болу керектігін көрсетті.

Мейіржан – бұл физикалық мүмкіндіктердің шегі жоқ екенін емес, рухтың шегі мүлдем жоқ екенін көрсеткен Батыр.

Біз Мейріжанның Лос-Анджелестегі Паралимпиадада еліміздің Көк Туын ең биікке көтереді деп сенеміз. Өйткені оның ескегінде тек қана күш емес, бүкіл елдің сенімі мен ұстаздарының ақ тілегі бар!

Сен – біздің мақтанышымызсың, Мейіржан!

Асылан ОРАЛБАЕВ,

Шет жалпы білім беретін мектебінің

география пәні мұғалімі

 

Үңірек ауылы