Жыл үздіктері анықталды

2025 жылғы 22 желтоқсанда Қарағанды қаласындағы Достық үйінде қазақ халқының қаһарман ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшенев жүлдесіне арналған «Жылдың үздіктері» облыстық байқауының салтанатты қорытынды кеші өтті. Игі шара Қарағанды облысының Ішкі саясат басқармасы, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Халық шығармашылық орталығы, AMANAT партиясы, «Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағы» Қарағанды облысы филиалы мен «Арқа» айтыс ақындары мен жыршы-термешілер мектебі, сондай-ақ академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Салтанатты кеш Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің ел мен жер алдындағы ерен еңбегін баяндайтын деректі бейнефильммен басталды. Кеш тізгінін белгілі айтыскер ақын, аталған жобаның авторы Айтбай Жұмағұлов ұстап, көрермен қауымды тағылымы терең, рухы биік мазмұнды бағдарламамен қауыштырды.

Шараның басты мақсаты – Жұмабек Тәшеневтің қайраткерлік тұлғасын дәріптеу, оның елдік мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіру, сондай-ақ мәдениет пен өнер, білім мен ғылым, қоғамдық қызмет саласында белсенділік танытып жүрген азаматтарды қолдау және насихаттау.

Алғашқы құттықтау сөз Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновке берілді. Сонымен қатар кеш барысында ел руханиятына үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғысхаттар табысталды.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев жүлдесімен жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, өңір руханиятының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Тұяқов Ғабит, Жанғалов Төлеу және Бескеев Еркебұлан Елубайұлы марапатталды.

Арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталған «Жылдың үздіктері» аталымдары бойынша жеңімпаздар төмендегідей болды:

«Жылдың үздік қайраткері» аталымымен мемлекет пен қоғам дамуына белсенді үлес қосқаны үшін Нұрланов Ғалым Адайұлы марапатталды.

Аймақтық және республикалық айтыстарда топ жарып жүргені үшін «Жылдың үздік айтыскер ақыны» аталымы Әлихан Сейфуллаға табысталды. Сонымен қатар Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы жеңімпазға домбыра сыйлады.

Қазақ поэзиясының дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Жылдың үздік ақыны» аталымымен Жұмабеков Мейрам Кеңесұлы марапатталды.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мен ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы еңбегі үшін «Жылдың үздік қаламгері» аталымы Жақан Әлімжан Құтжанұлына берілді.

Ғылым мен білім саласында, ұрпақ тәрбиесіне қосқан көп жылғы еңбегі үшін «Ғылым мен білімге және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» аталымымен Такиров Саржан Уахитұлы марапатталды.

Оқу-ағарту саласында адал қызмет етіп, саналы ұрпақ тәрбиелеудегі еңбегі үшін «Оқу-ағарту және ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі үшін» аталымы ұлағатты ұстаз Смағұлов Бекбай Әзибекұлына табысталды.

Қазақтың шертпе күйін сақтап, дамыту жолындағы еңбегі үшін «Жылдың үздік мәдениет және өнер қайраткері» аталымымен Салбанов Айдын Абзалбекұлы марапатталды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудегі белсенді еңбегі үшін «Жылдың үздік тілшісі» аталымы Нұрлыхан Қалқаманұлына берілді.

Халыққа қайырымдылық жасап, өңір руханиятына қолдау көрсеткені үшін кәсіпкер, меценат Мұсаханов Бауыржан Сүлейменұлы және Ахшонтаев Айдос Жазитұлы «Жылдың атымтай жомарты» аталымымен марапатталды.

Жастардың бойына отаншылдық рух пен азаматтық белсенділік дарытқаны үшін «Жылдың үздік белсендісі» аталымы Меруеш Башайға табысталды.

Кеш соңында Астана қаласынан арнайы келген белгілі әнші Сәкен Әлімханов өнер көрсетіп, салтанатты жиынның сәнін кіргізді.

Жұмабек Ахметұлы Тәшенев жүлдесі – елге адал қызмет етудің, азаматтық ұстаным мен рухани биіктіктің айқын көрінісі. Бұл тағылымды шара жыл сайын өңір жұртшылығы асыға күтетін, ұлт рухын асқақтататын маңызды мәдени оқиғаға айналып келеді.