Ауылдан шыққан дарындар

Ауыл – ел бесігі, салт-дәстүрдің, қазақы қонақжайлықтың, береке мен молшылықтың қайнар көзі, қаймағы бұзылмаған асыл мекен. Әлеуметтік-қоғамдық салада болсын, білім саласында болсын оң үрдістерден қалыс қалмай, көптеген игі бастаманың көшіне қалалық елдімекендермен қатар ілесіп келе жатқаны ақиқат.

Қазіргі таңда уылдық мектептерде білім алып жатқан оқушыларды дамыту, ынталандыру мақсатында көптеген олимпиадалар, білім додалары, өнер байқаулары ұйымдастырылуда. Аталған шараларға оқушыларды дайындау, бағыт-бағдар беру ауыл мұғалімдерінің еншісіндегі іс.

Осы орайда Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Үміткер ауылында орналасқан «Үміткер жалпы білім беретін мектебі»  атап өткім келеді. Атап айтар болсақ, бастауыш сынып мұғалімі Газалиева Гүлмира Қайырқызы жетекшілік ететін 3-сынып оқушыларының  жетістіктеріне тоқталмақпын. Ең алғаш рет қыркүйек айында Ботақара кентінде өткен аудандық «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі байқауында Гүлмира Қайырқызының дайындап әкелген бірнеше оқушысына көзім түсті. Әрқайсысы Бұқар жыраудың жиырмадан астам жырларын жаттап, сахнада мүдірмей мәнерлеп айтып, көрермен мен қазылар алқасының зор ықыласына бөленді. Ұлттық нақыштағы киімдері, сахнада өздерін ұстауларына, бір-біріне деген қолдауларына назар аудармай қала алмадым. Бұның барлығы ұстаз бен ата-ананың орасан еңбегі екені даусыз. Осы тұста «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген халық мәтелі еріксіз ойға оралады. Аталған шараға қатысқан оқушылар Қазым Ақбаян, Сәбит Ұлжан, Адилхан Томирис, Үмітжанова Ханиса мақтау қағазымен марапатталып, ынталандыру жүлделерін иеленді. Әр оқушысы сахнаға шыққан сайын бірге толқып, бірге қуанып, әрқайсына дем беріп, қолдап жүрген ұстазға қарап сүйсіндім.

Келесіде Гүлмира Қайырқызының оқушылары облыстық «Сарыарқа» телеарнасының «Қуырмаш» бағдарламасының төрінен жарқ етіп, көзіме оттай басылды. Бағдарламаға Имантүсіпов Дарын, Баганова Амина, Қазым Ақбаян, Азаматқызы Зарина, Адилхан Томирис, Үмітжан Ханиса қатысып, балалар жүргізушінің әр сұрағына мүдірмей жауап беріп, бағдарлама ұжымын өнерлерімен тәнті етті. Осылайша  екінші мәрте бағдарламаға шақырту алып Сейсенбай Хамза, Айдарова Айсезім, Имантаева Инабат, Сайлауова Тоғжан, Айтбай Заңғар, Сәбит Ұлжан қатысты. Отбасы тақырыбындағы сұрақтарға жауап беріп, ән айтып, би билеп өнерлерін паш етті.

Желтоқсан айында өткен Қабыл Боранбаевтың 110 жылдығына арналған аудандық мәнерлеп оқу сайысына қатысқан Адилхан Томирис 2-орынды, Үмітжан Ханиса 3-орынды иеленсе, Қазым Ақбаян мақтау қағазымен марапатталғанына Гүлмира Қайырқызы зор мақтанышын білдіре отырып, Накишпан Мүслім мен Айдаров Бекарыс сияқты оқушыларының сурет өнеріне, қолөнерге қабілеттері өте жоғары екенін, олардың да келешекте қолөнер сайыстарына қатысып, топ жаратынына сенімі мол екенін де айтты.

Әр жыл сайын республика көлемінде өткізіліп отыратын пәндік олимпиадалардан да оқушылардың жақсы нәтижелер көрсетіп жүргенін де айтпасқа болмайды.

Спорт саласында да топ жарып жүрген оқушылар жетерлік. Қазым Ақбаян, Айтпай Заңғар, Имантүсіпов Дарын тоғызқұмалақтан аудандық жарыстың жүлдегерлері атанса, қазақша күрес үйірмесіне белсене қатысып жүрген ұл балалардың да аяқ алысы жаман емес.

Жыр байқауларына қатысу, телебағдарламаға қатысу бір қарағанда қатардағы шаралар сияқты көрінгенімен, балалардың көп уақыты телефонға телмірумен өтетін қазіргі уақытта бастауыш сынып оқушыларының көлемді жырларды көптеп жаттауы, камера алдында өздерін еркін ұстап, көрермен көзаймына айналуы ауыз толтырып айтуға тұратын жетістік. Ауылдан талант та, дарын да шығатынын осы балаларға қарап аңғаруға болады. Ойын ойнайтын жастық жастарында түрлі байқауларды қуалап жүрген балапандарға қарап төл өнеріміздің өлмейтіндігін аңғарамыз. Ауыл балаларының білімі, өнері мәдениеті көзге ерекше түсетіні сөзсіз. Қалам тартып жүрген бүлдіршіндер де осы ауылдан қалыптасып шығып келеді. Атап айтар болсақ, Адилхан Томирис төмендегі өлең жолдарын Бұқар жырау бабасына арнағанын айтты:

Заманында жырлаған.

Заңғар биік тұлға адам.

Бұқар жырау бабаны,

Хан, халық та тыңдаған.

Би де сөзге шешен де.

Жарасар не десең де.

Мақтан етем бабамды,

Бастауышым бастамам, – деп топ жарып жүрген бүлдіршіндердің артында әрине ұлағатты ұстаз бен ата-ананың еңбегі тұрады. Балаларға сапалы білім беріп ғана қоймай, олардың уақыттарын тиімді пайдалануына ат салысып, шағын ауыл көлемімен шектелмей, аудан, облыс көлеміне шығуына барын салып жүрген ұстазбен бірлесе жұмыс жасап,  балаға дұрыс тәрбие беріп, әр бастамасын қолдап жүрген ата-аналардың еңбегі көпке үлгі боларлықтай. Жас өскіндердің бойына тәрбие мен білімді, өнерді қатар сіңіріп, еліміздің болашағына үлес қосар ұлтжанды азаматтарын тәрбиелеп жүргеніне қарап Гүлмира Қайырқызының ұстаздық шеберлігіне, өз мамандығына деген адалдығына риза болмау мүмкін емес. Ауылдан шыққан дарындар баршаға үлгі өнеге бола берсін, қанаттары талмасын, алар асулары көп болсын.

Гүлдана Әділбекқызы ЖАРКЕЕВА,

«Қарағанды облыстық қазақ тілі

және мәдениеті қоғамдық бірлестігінің» мүшесі