Спорт саласына жаңа қадам басқан әрбір қазақ баласы болашақ чемпион. Ол ауылда, ауданда болсын, жаттығуға қолайлы орын табылуы тиіс. Бұған мемлекет те мүдделі. Ал, Абай ауданында жөндеуден кейін қайта ашылған қазақ күресі, самбо және грек-рим күресімен айналысатын орталық аудандағы спортқа бейім жастарды бір қуантып тастады.
Жаңартылған залда жүзге жуық болашақ чемпион жаттығады алады екен. Күрес орталығы ауылшаруашылығы бөлімінің ғимаратында орналасқан және 600 шаршы метрден асады. Жазда орталықтың екі залында терезе, есік, еден, жылыту жүйесі ауыстырылды. Қабырғалар мен төбелерді сылап, сырлап, желдетуді ретке келтірді.
– Бұрын біз спорт кешеніндегі шағын залда жаттығатынбыз. Онда жарыстар өткізу ыңғайсыздық тудыратын. Биыл бізге ауылшаруашылығы бөлімінің ғимаратынан екі зал бөлінді. Қазірдің өзінде жаттығулар басталып кетті. Біздің тәрбиеленушілер өте қабілетті. Болашақта көптеген жеңіс күтіп тұрғанына сенімдімін. Менде үш топ бар – шамамен 60 адам. Балалар тегін жаттығады, – деді орталықтың жаттықтырушысы Иса Орал.
Орталықтың тәрбиеленушілері де кең залдар мен жаңа татамилерге оң бағасын беріп, қуанып жатыр. Он бір жастағы Ерасыл Молдахмет қазақ күресімен айналысады. Ол аудандық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және 20-дан астам медальға ие. Жас спортшы Олимпиада чемпионы болуды армандайды.
– Бұрын зал кішкентай болатын. Қазір бәрі керемет. Мен бір жарым жыл қазақ күресімен айналысамын. Маған бұл спорт түрі қатты ұнайды. Спортта Қажымұқан мен Елдос Сметовті үлгі тұтамын. Болашақта олар бағындырған биік дәрежелерге жеткім келеді. Сол үшін мен бір де бір жаттығуды жібермеймін, тырысамын. Спорттағы лақап атымды Қарабура деп атайды, – деді оқушы.
Ерзат Ермағамбет